Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды.
Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады.
«Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс.
Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын.Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек», - деді Президент.
Еске салайық, бұдан бұрын Президент Oxford Economics 2025 рейтингінде Астананың Азия құрлығында 36-орын алғанына назар аударды.