Қазақстанда исламдық сақтандырудың жаңа тетігі қарастырылады

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстанда исламдық сақтандырудың жаңа тетігі қарастырылады
Фото: ЖИ

Қазақстанда исламдық сақтандыруды дамыту үшін жұмыс істеп тұрған сақтандыру ұйымдарына арнайы жеке компания құрмай-ақ такафул өнімдерін ұсынуға мүмкіндік беретін «исламдық терезелер» тетігін енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті бастама Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында қарастырылған. Оның негізгі бағыттарының бірі – шариғат қағидаттарына сәйкес келетін сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін арттыру.

Қазақстанда исламдық сақтандыруды дамытуға арналған заңнамалық негіз 2015 жылдан бері бар. Алайда қазіргі уақытта елімізде мамандандырылған исламдық сақтандыру ұйымдары жоқ, ал такафул өнімдері кеңінен таралмаған.

Агенттік мәліметінше, бұған исламдық сақтандыруды жүзеге асыру үшін жеке заңды тұлға құрып, бөлек лицензия алу қажеттігі себеп болып отыр. Осыған байланысты қолданыстағы сақтандыру компанияларының өз құрылымы аясында исламдық сақтандыру бағытын дамыту мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.

«Исламдық терезе» тетігі іске қосылған жағдайда, такафул қызметі дәстүрлі сақтандырудан бөлек жүргізіледі. Атап айтқанда, қатысушылардың қаражаты, активтері, міндеттемелері, кірістері мен шығыстары жеке есепке алынады. Такафул қорындағы қаражат шариғат қағидаттарына сәйкес келетін активтерге инвестицияланады.

Сонымен қатар мұндай қызмет шариғат талаптарына сәйкес басқару және тиісті реттеушілік бақылау талаптары сақтала отырып жүзеге асырылмақ.

Исламдық сақтандыру өнімдерін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Алғашқы кезеңде өмірді сақтандыру, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, автосақтандыру, шетелге шығушыларды сақтандыру және медициналық сақтандыру сияқты өнімдерді ұсыну мүмкіндігі қарастырылады.

Кейін такафул өнімдерінің қатарын жинақтаушы өмірді сақтандыру, ауыр аурулардан сақтандыру, жеке тұлғалар мен бизнеске арналған мүліктік сақтандыру, жауапкершілікті сақтандыру, сондай-ақ инвестициялық, зейнетақы және корпоративтік өнімдермен толықтыру көзделіп отыр.

Агенттік бұл шаралар исламдық сақтандыруды дамытудағы кедергілерді азайтып, халық пен бизнес үшін шариғат қағидаттарына сәйкес келетін сақтандыру өнімдерінің таңдауын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Президентке қаржы нарығын реттеудің 8 айдағы нәтижелерін баяндаған болатын.