Кәрімбек Құрманәлиев: Халық Кеңесі мен Қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимылы маңызды
Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің әр мүшесі ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосатындарына зор сенім артып отыр. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры,академик, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы м.а. Кәрімбек Құрманәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол Президент сөзінен соң Қазақстан Халық Кеңесі мен өңірлік Қоғамдық кеңестер мүшелерінің өзара іс-қимылының мәні зор болмақ екенін атап өтті.
«Басым бағыттар қатарында мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту бағдарланып отырғаны бағамдалды.Осындай бірлескен іс- қимылдар мемлекетті басқару ісінде бір-бірін толықтырып, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыратыны тілге тиек етілді.
Халық кеңесі мен Қоғамдық кеңестер азаматтардың нақты мәселелері мен пікірлерін жинақтаса, Құрылтай депутаттары бұл мәселелерді заңнамалық ресми шешімдер қабылдау кезінде ескеретініне назар аударылды.
Сайып келгенде, Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері берекелі бірлікте, ықыласты ынтымақта, тәтті татулықта табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға мол үлес қосатынына сенім мол», - деді Кәрімбек Құрманәлиев.