Президент Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттерін түсіндірді

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттерін түсіндірді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде жаңа институттың құрылу мақсатына, атауына және конституциялық мәртебесіне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, елдегі түйткілдерді ашық талқылап, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құру мәселесі бұрыннан ойластырылған.

«Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім.

Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым.

«Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық.

Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық.

Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұған дейін елдік маңызы бар міндеттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келгенін атап өтті.

«Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті.

Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты.

Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді.

Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады.

Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа институттың құрылуын қоғамдық диалогті одан әрі дамыту қажеттілігімен байланыстырды. Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесіне қоғамның түрлі топтарының өкілдері біріктіріліп отыр.

«Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, бұл – өмірдің заңы. Сондықтан, заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады.

Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз.

Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы.

Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті.

Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті.

Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады.

Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Қ.Тоқаев.