«Халық заңгері»: Астаналықтар бір жерде 30-дан астам орган өкілінен тегін кеңес алды

«Халық заңгері»: Астаналықтар бір жерде 30-дан астам орган өкілінен тегін кеңес алды
Фото: Жансая Таңырқұл

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтіп, жүздеген тұрғын құқықтық және әлеуметтік мәселелері бойынша мамандардан тегін кеңес алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Іс-шараны Астана қаласы «Алматы» ауданының прокуратурасы ұйымдастырды. Халық көп жиналатын орындардың бірінде өткен акцияға 30-дан астам мемлекеттік орган мен бейінді ұйымның өкілдері қатысты.

Тұрғындар тұрғын үй, еңбек, отбасы құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және басқа да мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Азаматтарға тиісті мемлекеттік органдардың мамандары құқықтық түсіндірме беріп, мәселелерді шешу жолдарын айтып отырды.

Астана қаласы «Алматы» ауданының прокуроры Нұрлан Тойшыбеков акцияның басты мақсаты тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша нақты әрі қолжетімді ақпарат беру екенін атап өтті.

«Бүгінде акцияға 30-дан астам мемлекеттік мекеменің өкілдері қатысып жатыр. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, әртүрлі мәселе бойынша сұрақтарына жауап беру. Азаматтарға отбасылық заңнамаға қатысты мәселелер, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайда прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға жүгінудің тиімді жолдары түсіндіріліп жатыр», – деді Нұрлан Тойшыбеков.

Прокурордың айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындардың өз құқықтарын жақсырақ түсінуіне және мәселені шешу үшін қай органға жүгіну керегін анықтауына мүмкіндік береді.

Акция барысында жұмыспен қамту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мансап орталығының мамандары азаматтарға бос жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, сондай-ақ кәсіпкерлік бағытындағы қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары туралы ақпарат берді.

Астана қаласының «Алматы» және «Сарайшық» аудандары бойынша Мансап орталығының директоры Аманбол Амангелдиннің айтуынша, тұрғындарды жұмысқа орналасу, бос жұмыс орындары және мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары қызықтырған.

Оның сөзінше, қазіргі еңбек нарығында құрылыс, өнеркәсіп, инженерия, бухгалтерия және IT салалары бойынша мамандарға сұраныс бар.

Акцияға келген қала тұрғындарының бірі Эльдар Гилимзянов прокуратура өкілдеріне заңнамадағы өзгерістерге қатысты сұрақ қойғанын айтты.

«Бүгін прокуратурадан жаңа заңдар туралы сұрағым келді. Соның ішінде қауіпсіздікке қатысты жаңа мүмкіндіктер, ақылды камералар туралы ақпарат алғым келді. Сұрақтарымды қойып, нақты жауаптар алдым», – деді ол.

Сонымен қатар Эльдар баласын бірінші сыныпқа жекеменшік немесе мемлекеттік мектептердің қайсысына берген дұрыс деген мәселе бойынша да кеңес алған.

«Бірінші сыныпқа баланы қандай мектепке берген дұрыс деген сұрақ қойдым. Маған бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі бағдарлама бірдей болғандықтан, мемлекеттік мектепті қарастыруға болатынын айтты. Ең бастысы – тәжірибелі, жақсы мұғалім табу керек деген кеңес алдым. Бұл сұрақ бойынша да нақты жауап берілді», – деді қала тұрғыны.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін де өткізілген «Халық заңгері» акциясы алдағы уақытта да жалғасады. Мұндай формат азаматтарға бірнеше мемлекеттік органның маманына бір жерде жүгініп, өз мәселесі бойынша нақты бағыт алуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана прокуратурасы оқушылармен бірге өрік сүйегін еккенін жазғанбыз.