Вашингтон қаласында B20 саммиті аясында Қазақстан–АҚШ бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Форумға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ басқада мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» қорының, ұлттық және жеке компаниялардың өкілдері қатысты.

АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландау, АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, Қазақстан-Америка іскерлік кеңесіне мүше компаниялардың басшылары және көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар мен қаржы салаларында жұмыс істейтін 100-ден астам америкалық компанияның өкілдері қатысты.
Форум барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және көлік-логистика, энергетика, цифрлық технологиялар сияқты стратегиялық салаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Саммит аясында Әсел Жанасова АҚШ Әкімшілігі мен Конгресінің өкілдерімен, сондай-ақ жетекші қаржы институттарымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
«Кездесулерде Қазақстанның Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтардың біріне айналу мақсатына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты міндеттер қойған. Осыған байланысты халықаралық көлік дәліздерін дамыту, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тарту маңызды бағыттардың бірі болып отыр», - деп хабарлады ведомство.
Еске салсақ, Қазақстан делегациясы ҰҚШҰ-ның бірлескен отырысына қатысты.

