Астанадағы №33 мектепте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Зияткерлік сайысқа еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 қарашаға дейін жалғасатын олимпиадада 11 (12)-сынып оқушылары математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сынайды.
Министрлік мәліметінше, биыл олимпиаданың бірінші, өңірлік кезеңіне 3 690 оқушы қатысқан. Олардың 406-сы екінші, іріктеу кезеңіне өтіп, нәтижесінде 188 үздік қатысушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен PhD докторларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.
Академиялық адалдық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында олимпиада барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляция сілтемелері daryn.kz ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Зияткерлік сайыс дарынды оқушыларды анықтау мен қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін елімізде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар инклюзивті мектептер салынатынын жазған едік.