Header Banner

«Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым мәселелерін талқылады

«Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым мәселелерін талқылады
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «Отбасы банк» АҚ еңбек ұжымымен кездесіп, елорданың тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда баспана сапасы, тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту және қалалық мәселелерді шешудегі мәслихаттың рөлі сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара аралас форматта ұйымдастырылды. Астанадағы жиынға банк қызметкерлері тікелей қатысса, өзге өңірлердегі әріптестері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Партия атынан басқосуға қалалық филиал төрағасы Мағжан Қыстаубаев, партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Абай Құрманқұлов, Саяси кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимов және №8 сайлау округі бойынша кандидат Айгүл Рахымжан қатысты.

Мағжан Қыстаубаев елорданың қарқынды өсуі қалалық басқару жүйесіне жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, халық саны артқан сайын жергілікті басқару органдарының жауапкершілігі күшейіп, тұрғындардың мәселелерін жедел шешуге басымдық берілуі керек.

Ол «Есіл» ауданынан «Нұра» ауданының бөлініп шығуын мысалға келтіріп, әкімшілік құрылымдағы мұндай өзгерістер қаланы басқару ісін жүйелеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Қала кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын жергілікті басқару органдарының жауапкершілігі де күшейеді. «Есіл» ауданын бөліп, «Нұра» ауданын құру нәтижесінде жеке әкімдік пайда болып, қаланы басқару жүйесі реттеле түсті. Осындай мәселелерді шешуде мәслихаттың рөлі маңызды», – деді Мағжан Қыстаубаев.

Ал Абай Құрманқұлов тұрғын үй сапасы инженерлік желілердің жағдайымен тікелей байланысты екенін айтты. Оның келтірген деректеріне сәйкес, елордадағы жылу желілерінің тозу деңгейі 58 пайызға, электр желілерінікі 33 пайыздан астамға, ал су құбырларынікі 38 пайызға жеткен.

«Астананы жас қала дейміз. Бірақ инженерлік желілердің тозуы қазірдің өзінде назар аударуды қажет етеді. Бағдарламамызда осы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту міндеттері қамтылған. Бұл жұмыс тұрғын үй жағдайына, үйлердің сенімді әрі үздіксіз қызмет алуына тікелей әсер етеді», – деді Абай Құрманқұлов.

Партияның Астананы 2026-2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасында осы бағытқа қатысты нақты міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, 194 апатты үйдің тұрғындарын көшіру, 280 лифтіні ауыстыру және жаңғырту, сондай-ақ 90 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Басқосу барысында №8 сайлау округі бойынша кандидат Айгүл Рахымжан да өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, елорданы дамытуға қатысты басымдықтары мен тұрғындарды толғандыратын мәселелер жөніндегі ұстанымын ортаға салды.

Өз кезегінде Жамаладен Ибрагимов мәслихат құрамында қаланың дамуына үлес қоса алатын, білімі мен тәжірибесі бар, нәтижелі жұмыс істеуге қабілетті азаматтардың болуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Айгүл Рахымжанның кандидатурасына тоқталып, қоғамдық сенімді нақты іспен ақтаудың маңызын жеткізді.

Кездесуде сөз сөйлеген партия өкілдері тұрғын үйдің жайлылығы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, жылу, су және электр желілерінің тұрақты жұмысы, лифтілердің қауіпсіздігі мен тұрғын үй қорын уақтылы жөндеу де халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан олар елорданы дамытуда жаңа баспанамен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға да басымдық беру қажеттігін жеткізді.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық 
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.