Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «Қазгидромет» және Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда цифрлық технологияларды дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және қалалық ортаның сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге Астана қаласы мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидат Мәди Өмірзақов пен партияның Астана қалалық филиалының «Өркен» аумақтық филиалының төрағасы Есенбек Серкебаев қатысты.
Жиын барысында Халықаралық ынтымақтастық және баспасөз қызметі басқармасының жетекші маманы Нұрай Құрман Астанадағы дата-орталықтардың су тұтынуына қатысты мәселе көтерді. Ол жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылып жатқан кезеңде деректер орталықтарының суға деген сұранысын азайту және ресурстарды үнемдеу бағытында қандай шешімдер қарастырылып жатқанын сұрады.

Мәди Өмірзақов дата-орталықтарды дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға және технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар су тұтыну мәселесін қосымша зерделеу қажеттігін жеткізді.
«Дата-орталықтар – жаңа жұмыс орындары мен жаңа мүмкіндіктер. Мұндай бастамаларды елдің даму әлеуеті тұрғысынан қарастырған жөн. Ал су тұтынуға қатысты сұрағыңызға дәл қазір нақты жауап бере алмаймын. Байланыс деректеріңізді алып, мәселені зерттеп, кездесуден кейін жауап беруге дайынмын», – деді Мәди Өмірзақов.
Өз кезегінде Есенбек Серкебаев ауызсуды ұқыпты пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген су үнемдеу мәселесін атап өтіп, көлік жуу орындарында ауызсуды пайдалануды шектеу және суды тазалап, қайта қолдану мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.
«Ауызсудың тиімсіз жұмсалуына жол бермеуіміз керек. Пайдаланылған суды тазартып, қайта қолдану мүмкіндіктерін қарастыру маңызды. Мұндай шешімдер су ресурстарын сақтауға әрі шығындарды азайтуға мүмкіндік берер еді», – деді Есенбек Серкебаев.
Сондай-ақ кездесуде партияның Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасындағы қалалық ортаны жақсарту бағыттары сөз болды. Бағдарламада елордадағы 360 ауланы абаттандыру көзделген. Бұл бастама тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту тек технологиялық мүмкіндіктермен шектелмей, оның су ресурстарына түсіретін жүктемесін де ескеру қажеттігі айтылды. Қатысушылар суды үнемдеу, тиімді пайдалану және қайта өңдеу мәселелерінің өзектілігіне назар аударды.
*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.



