Жалпыұлттық аза тұту күні

Елордада полиция қызметкері биіктіктен құлайын деп тұрған қызды құтқарып қалды

Бүгін, 15:59
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада полиция қызметкері биіктіктен құлайын деп тұрған қызды құтқарып қалды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері биіктіктен құлаудың алдында тұрған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Полиция қызметкері Еламан Тішпаев түскі уақытта үйіне келген. Жаттығуға шығуға дайындалып жатқан кезде, үйдің маңына адамдардың жиналғанын байқайды. Куәгерлер ғимараттың жоғарғы қабаттарының бірінде балконда қыздың отырғанын айтқан.

Полицей бірден подъезге кіріп, 12-қабатқа көтерілді. Балконның шетінде отырған қызды көріп, жағдайды бағалаған ол абайлап арт жағынан жақындады. Қолайлы сәтті пайдаланып, қызды ұстап алып, балконның шетінен қауіпсіз жерге шығарды.

ЖҚАЖ қызметкері жедел қызметтер келгенге дейін қыздың жанында болып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырды.

«Полиция қызметкерінің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды», - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұдан бұрын Астанада 15-қабаттан секірген әйел арбада жатқан баланың үстіне түскені туралы жаздық.