Маңғыстауда қаза тапқан Сержан Аяпберген самбо мен дзюдодан ел намысын қорғаған
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздар қатарында Маңғыстау облысы «Жас Батыр» спорт мектебінің спортшысы Аяпберген Сержан Талғатұлы да болды. Ол жас кезінен спортпен шұғылданып, самбо, дзюдо спорт түрлерінен облыс, республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Маңғыстау спортының абыройын асқақтатқан дарынды жас спортшы болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Сержан Аяпберген:
• самбо күресінен кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері;
• самбодан студенттер арасында ТМД ойындарының күміс жүлдегері;
• дзюдодан халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы;
• спорт шеберіне үміткер атанды.
«Спорттағы жарқын жетістіктерімен қатар, Сержан ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында қаза тапты. Оның мезгілсіз қазасына байланысты отбасына, туған-туыстарына, жақындарына және барша әріптестері мен спортшылар қауымына қайғырып көңіл айтамыз», - делінген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының көңіл айту хатында .
Еске салсақ, Каспийде құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы белгілі болды.