Жалпыұлттық аза тұту күні

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: материалдық көмек ерікті түрде көрсетіледі

Бүгін, 14:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: материалдық көмек ерікті түрде көрсетіледі
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар үшін бірыңғай қор жұмыс істеуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

«Бұл ретте қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді.

Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.

Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек жинайтын ұйым анықталғанын жаздық.