Павлодар облысында қараусыз жүрген жылқылардың иелері жауапқа тартылды

25 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодар облысында қараусыз жүрген жылқылардың иелері жауапқа тартылды
фото: polisia.kz

Павлодар – Астана автожолының 168-шақырымында полиция қызметкерлері қараусыз жайылып жүрген жылқыларды анықтады. Оқиға орнында малшы да болмаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ Павлодар – Русская Поляна автожолының 6-шақырымында қараусыз жүрген жылқылар анықталды. Полиция қызметкерлері мал иелерін анықтап, жануарларды айыппұл тұрағына орналастырды. Мал иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Жыл басынан бері Павлодар облысында 27 148 бас мал айыппұл тұрағына қамалды. Мал жаю талаптарын бұзған 1 794 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада. 

Полиция мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмауды және олардың жайылымнан елді мекендер аумағына немесе автомобиль жолдарына шығып кетпеуін қатаң бақылауды ескертеді.

Жол маңында қараусыз жүрген мал анықталған жағдайда жүргізушілерге де барынша сақ болып, жылдамдықты төмендетіп, жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау ұсынылады. 

Еске салайық, бұдан бұрын елімізде теміржол маңында мал жайған 1 364 азаматтың жауапкершілікке тартылғаны туралы жаздық.