Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті
Астанада«Заң мен тәртіп» акциясы аясында Еңбек күніне арналған «Менің жетістігім – менің нәтижем» атты жаппай велошеру өтті. Іс-шараға елорданың 800-ге жуық тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұзындығы 25 шақырым болатын велошеру айналма веложолдан Қосшы қаласына қарай бағытта басталды. Қатысушылар Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.
Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, бүгінгі велошеру маусым басталғалы елордада ұйымдастырылған бесінші жаппай велошеру болды.
«Бүгінгі іс-шара веломаусымның жабылғанын білдіреді. Жалпы жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бес жаппай велошеру өтіп, оған елорданың 5 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Бұл қорытынды іс-шара болғандықтан, оны жаз бойы велосипед тепкен, велосипед тебуді үйренген немесе жаппай велошерулерге қатысқан барлық қала тұрғыны үшін маусымның соңғы велошеруі деуге болады. Оларға кәсіби спортшылар ғана емес, қаламыздың кез келген тұрғыны қатыса алады», – деді Ержігіт Өсербай.
Астананың 12 жастағы тұрғыны Батыр Жабай да өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, оған жаппай велошерулердің атмосферасы және басқа қатысушылармен бірге велосипед тебу мүмкіндігі ерекше ұнайды.
«Маған ең ұнайтыны – көп адамның бір уақытта велосипедпен жүрген кезіндегі атмосфера. Ерекше көңіл-күй орнап, одан әрі жүре бергің келеді», – деді Батыр Жабай.
Кейбір қатысушылар үшін бүгінгі велошеру алғаш рет ұйымдастырылған осындай іс-шара болды. Мәселен, Әсел Ағайдарова жолдасымен бірге велошеруге алғаш рет қатысқанын айтты. Ерлі-зайыптылар велосипедтерді іс-шара қарсаңында ғана сатып алған.
«Жолдасым екеуміз мұндай іс-шараға алғаш рет қатыстық. Ол үшін велосипедтерді тура кеше сатып алдық. Кіші ұлым жылдамдықпен жүретін велосипед алғысы келетінін айтқан еді. Өзім мүлде күтпедім, бірақ велосипед ұтып алдық! Енді үйге барып, оны қуантамыз.
Ұйымдастыруы өте жақсы, қатысушылар сыпайы. Жаңадан қатысып жүргендер үшін де өте ыңғайлы болды, өзімді жайсыз сезінбедім. Бағыт көрсететін белгілер болды, әр қатысушыға медаль берілді. Әлі де міндетті түрде қатысамыз», – деп әсерімен бөлісті Әсел Ағайдарова.
Іс-шараны елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Еске салайық, бұған дейін елордада «Viksit Bharat Run 2026» жарысына 250 -ге жуық адам қатысқаны туралы жаздық.