Header Banner

Ұмыт қалған аспаптар қайта үн қатқан мекен: Астанадағы Өнер музейінен репортаж

Ұмыт қалған аспаптар қайта үн қатқан мекен: Астанадағы Өнер музейінен репортаж
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақтың музыкалық мұрасы домбыра мен қобызбен ғана шектелмейді. Кезінде халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолданылған, бүгінде көпшілікке атауы да бейтаныс аспаптар аз емес. Астанадағы Өнер музейінде осындай сирек жәдігерлердің үлгілері сақталып қана қоймай, ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Elordainfo.kz тілшісі музейге арнайы барып, көне аспаптардың тарихымен танысып, олардың үнін тыңдап, шеберлердің жұмысын өз көзімен көріп қайтты.

Тарихи ғимараттағы ұлттық қазына

Елордадағы Өнер музейі қаланың байырғы ғимараттарының бірінде орналасқан. XIX ғасырдың соңында бой көтерген бұл нысанның өз тарихы бар. Музей қызметкерлерінің айтуынша, кезінде мұнда ұлдар мен қыздарға арналған медресе жұмыс істеген. Қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы Сәкен Сейфуллиннің де осы жерде балаларға сабақ бергені айтылады.

Бүгінде тарихи ғимарат ұлттық өнер мен мәдени мұраны танытатын ерекше кеңістікке айналған.

Музейге кірген сәттен-ақ көзге сан алуан музыкалық аспап түседі. Қатар тізілген домбыралар мен қобыздар, бұрын-соңды көрмеген үрмелі және ұрмалы аспаптар, әр халықтың музыкалық дәстүрінен сыр шертетін жәдігерлер... Олардың әрқайсысының жасалу ерекшелігі мен өзіндік тарихы бар.

Экскурсия жүргізушісі Аяна Абайдың айтуынша, музей қорында әлем халықтарының 1 600-ден астам музыкалық аспабы бар. Экспозицияның алғашқы бөлімі түркі және өзге халықтардың аспаптарына арналған.

Мұнда өзбек, түрікмен және ұйғыр халықтарына ортақ дутар, қырғыздың қылқияғы, моңғолдың мөрінқуры, түрікменнің гиджагы және басқа да музыкалық аспаптар қойылған. Олардың құрылысынан да, сыртқы пішінінен де халықтардың мәдени жақындығын байқауға болады.

Дегенмен музейдің басты ерекшелігі – қазақтың сирек кездесетін музыкалық аспаптарын жинақтап, олардың ұмыт қалған түрлерін қайта жаңғыртуға басымдық беруі.

Музей басшысы Баянды Сахарияұлының айтуынша, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының 120-дан астам түрі бар. Олардың бірқатары тарихи жазбаларда, этнографиялық еңбектер мен ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған.

«Аспаптарды қайта жаңғырту кезінде этнограф ғалымдардың еңбектеріне, тарихи суреттерге, сақталған түпнұсқаларға сүйенеміз. Ахмет Жұбанов, Ақселеу Сейдімбек сынды зерттеушілердің еңбектерінде құнды деректер бар. Сонымен қатар туыстас түркі халықтарындағы аспаптардың құрылысын да салыстырып зерттейміз. Осылайша, ұмыт болған аспаптардың үлгілерін қалпына келтіруге мүмкіндік туады», – дейді Баянды Сахарияұлы.

Үні бірнеше шақырымға жететін керней

Музейдегі ерекше аспаптардың бірі – ағаштан жасалған алып керней. Ұзын әрі салмақты аспаптың сыртқы пішінінің өзі назар аудартады.

Музей мамандарының айтуынша, ерте заманда керней алысқа дыбыстық белгі беру үшін қолданылған. Оның үні қолайлы жағдайда 4-5 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Яғни мұндай аспаптар қазіргі байланыс құралдары болмаған кезеңде адамдарға белгі берудің бір тәсілі болған.

Бүгінде кернейдің музыкалық мүмкіндіктері де зерттеліп, ол сахналық қойылымдар мен ансамбльдік шығармаларда қолданылып жүр.

Қазақтың ұрмалы аспаптары да ерекше қызығушылық тудырады. Дауылпаз, дабыл, шыңдауыл, кепшік, даңғыра сынды аспаптардың әрқайсысының дыбысы мен қолданылу ерекшелігі бөлек.

Экскурсия барысында бізге үлкен дабылдың үнін тыңдап қана қоймай, оның тербелісін сезінуге де мүмкіндік туды. Терімен қапталған аспапты соққанда шыққан дыбыс кеңістікке таралып, оның дірілі денеге дейін сезіледі.

Музей мамандары мұны аспаптың құрылысы мен терінің тербеліс ерекшелігімен түсіндіреді.

Болат Сарыбаев атындағы зерттеу және қалпына келтіру бағытындағы шеберханада қазақтың 23 түрлі ұрмалы аспабының үлгілері жасалған. Кейін бұл аспаптар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына табысталған.

Музейдің бас қор сақтаушысы Азамат Бақияның айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – ұлттық аспаптарды қайтадан кәсіби музыкалық ортаға енгізу.

«Қазір концерттерде кахон, дарбука сияқты өзге халықтардың ұрмалы аспаптары жиі қолданылады. Ал қазақтың өзінде дауылпаз, дабыл, кепшік, шыңдауыл және басқа да ұрмалы аспаптар бар. Біз олардың 23 түрін қайта жасап, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына сыйға тарттық. Мақсатымыз – музыканттар осы аспаптарды танып, шығармаларында пайдалана бастаса деген ниет», – дейді Азамат Бақия.

Оның айтуынша, шеберлер ұлттық аспаптарды еліміздің өңірлеріндегі ансамбльдер мен орындаушыларға да таныстырып, қолданыс аясын кеңейтуге күш салып келеді.

Бір уыс саздан музыкалық аспап қалай жасалады?

Музейдегі саяхатымыз Болат Сарыбаев атындағы зерттеу және қалпына келтіру шеберханасында жалғасты.

Мұнда көне музыкалық аспаптардың құрылымы зерттеліп, олардың тарихи үлгілері қайта жасалады. Шеберлер дәстүрлі қолөнер тәсілдерін заманауи технологиялармен ұштастырып, аспаптардың дыбыстық мүмкіндіктерін жетілдірумен айналысады.

Бізге осы жұмыстың бір қырын көрсету үшін жас шебер Нұржан Какимов арнайы сазсырнай жасап берді.

Ол алдымен сазды қолымен илеп, қажетті пішінге келтірді. Бірнеше минуттың ішінде қарапайым саз кесегі шағын музыкалық аспапқа ұқсай бастады. Алайда оны толыққанды сазсырнайға айналдыру үшін әлі бірнеше кезеңнен өткізу қажет.

«Сазсырнайдың негізгі пішінін шамамен бес минутта жасауға болады. Бірақ оның толық дайын болуы үшін кептіру және пеште күйдіру кезеңдерінен өтуі керек. Бұл жұмыс бірнеше күнге созылады. Саздың қасиетіне қарай кептіру уақыты да өзгереді», – дейді Нұржан Какимов.

Жас шебердің айтуынша, аспаптың сапасы мен дыбысына пайдаланылатын саздың құрамы да әсер етеді. Сондықтан шеберханада еліміздің әр өңірінен алынған табиғи материалдар зерттеліп, тәжірибеде қолданылады.

«Әр саздың өзіндік ерекшелігі бар. Бірі тез кебеді, екіншісі ұзақ уақытты қажет етеді. Кейде жасаған аспабыңнан қажетті дыбыс шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан әрқайсысын тексеріп, тәжірибе жинаймыз. Бұл жұмыстың ең қызықты әрі жауапты тұсы – аспаптың үнін дұрыс шығару», – дейді ол.

Нұржан бұл өнерді тәжірибелі шебер Азамат Бақиядан үйреніп жүр. Қазір сазсырнаймен қатар кепшік, жетіген және басқа да ұлттық аспаптардың жасалу ерекшеліктерін зерттеуге қатысады.

Оның сөзінше, шеберханада аспаптардың тек сыртқы пішініне ғана емес, акустикалық мүмкіндіктеріне де назар аударылады.

Тарихты қолмен ұстап көруге болатын музей

Көпшілік музейге барғанда жәдігерлерді тек сырттай тамашалауға үйренген. Ал Өнер музейінің өзіндік ерекшелігі – келушілерге арналған аспаптарды қолына ұстап, ойнап көруге мүмкіндік берілуі.

Мұнда ұлттық аспаптардың тарихын тыңдап қана қоймай, олардың үнін өзің шығарып көруге болады.

Музей экспозициясында тарихи тұлғалар пайдаланған музыкалық аспаптардың үлгілері де ұсынылған. Олардың арасында Құрманғазы, Ақан сері, Абай және Қаныш Сәтбаевпен байланысты домбыралардың қайта жасалған көшірмелері бар.

Сондай-ақ музейде белгілі сыбызғышы Қалек Құмақайұлына тиесілі сыбызғының түпнұсқасы сақталған. Бізге осы аспапты жақыннан көріп, қолымызға ұстап көру мүмкіндігі туды.

Экскурсия жүргізушісі Аяна Абайдың айтуынша, сырттай қарағанда қарапайым көрінетін кейбір аспапты ойнау айтарлықтай шеберлікті қажет етеді.

«Мысалы, көпшілік сыбызғыны көргенде ойнауға оңай деп ойлайды. Өйткені сырттай қарағанда қарапайым түтікке ұқсайды. Бірде музейге келген қонақ түрлі аспапты ойнап көрді. Бірақ сыбызғыға келгенде одан дыбыс шығара алмады. Шын мәнінде, сыбызғыда ойнаудың өзіндік әдісі бар», – дейді экскурсия жүргізушісі.

Аяна Абайдың айтуынша, музейге әртүрлі жастағы адамдар келеді. Әсіресе, балалар мен жастар ұлттық аспаптарды қолына ұстап, дыбысын шығарып көруге қызығады.

Шетелдік қонақтар да қазақтың музыкалық мұрасына ерекше назар аударады. Музейге Америка, Аустралия және басқа елдерден келген туристер де қызығушылық танытқан.

Шаңқобыздың үні мен сыбызғының сазы

Музейге жасаған сапарымыздың ең әсерлі сәттерінің бірі – ұлттық аспаптардың табиғи үнін тыңдау болды.

Музыкант Санат Саин бізге сазсырнай, сыбызғы және шаңқобызда ойнап берді.

Сазсырнайдың жұмсақ үні, сыбызғының қоңыр сазы мен шаңқобыздың ырғақты дыбысы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігі бар екенін тыңдаған сәтте анық сезінесің.

Әсіресе, шаңқобыздың шағын ғана құрылымынан сан алуан дыбыс шығаруға болатыны таңғалдырады.

Музейдің бас қор сақтаушысы Азамат Бақияның айтуынша, бүгінде көне аспаптарды тек дәстүрлі орындаушылықпен шектемей, заманауи музыкалық бағыттармен үйлестіруге басымдық беріліп отыр.

Мәселен, шаңқобыздың үні битбокс элементтерімен ұштастырылып, тыңдарманға жаңа форматта ұсынылады.

«Біздің көне мұрамыз музейде ғана сақталып тұрмауы керек. Ол бүгінгі музыка, кино және туризм индустриясында да қолданылуға тиіс. Музыканттар үнемі жаңа дыбыс іздейді. Ал сондай ерекше үндердің көпшілігі өзіміздің ұлттық аспаптарымызда бар. Біз олардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазіргі шығармашылыққа енгізуді көздейміз», – дейді Азамат Бақия.

Осы бағытта «Жошы» ұлттық тобы да жұмыс жүргізіп келеді. Топ дәстүрлі аспаптарды этномузыкамен, эстрадалық және эксперименттік бағыттармен ұштастырып, тың шығармалар орындап жүр.

Азамат Бақияның айтуынша, мұндай ізденістер ұлттық аспаптардың қолданыс аясын кеңейтіп, олардың жаңа буын тыңдарманына жақындай түсуіне мүмкіндік береді.

Бір күнде 300 аспап сыйға тартқан

Өнер музейінің қызметі күнделікті экскурсиямен шектелмейді. Мұнда келушілерге арналған концерт-дәрістер де ұйымдастырылады.

Мұндай кездесулерде музыканттар ұлттық аспаптардың үнін таныстырып, шеберлер олардың қалай жасалатынын көрсетеді. Қонақтар аспаптарды қолына ұстап, ойнап көре алады. Бағдарлама соңында танымдық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген келушілерге музыкалық аспаптар сыйға беріледі.

Азамат Бақияның айтуынша, бір күнде қонақтарға 300 аспап сыйға тартылған кез де болған.

«Біздің мақсатымыз – келуші музейден жай ғана әсер алып шықпай, ұлттық аспаптың атауын, үнін және тарихын есінде сақтап кетсе дейміз. Концерт-дәрістерде аспаптарды таныстырып, олардың жасалу жолын көрсетеміз. Соңында сұрақтарға жауап берген қонақтарға өзіміз жасаған аспаптарды сыйлаймыз. Бір күнде 300 аспап сыйға берген кезіміз де болды», – дейді ол.

Музей мамандары мұндай форматты еліміздің өзге өңірлерінде де дамытуға болады деп есептейді.

«Әр өңірдің өзіндік әншілік, күйшілік, жыршылық дәстүрі бар. Сол ерекшеліктерді танытатын, балаларға үйрететін, халыққа ұлттық өнерді жақындататын осындай орталықтар көбейсе дейміз. Өйткені музыкалық мұраны сақтаудың ең тиімді жолы – оны күнделікті өмірде қолдану», – дейді Азамат Бақия.

Көне мұраның жаңа тынысы

Өнер музейінен алған әсеріміз тек сирек аспаптардың көптігімен шектелген жоқ.

Бір залда ғасырлар қойнауынан жеткен музыкалық мұраның үлгілері сақталғанын көріп, шеберханада саздан жаңа аспаптың қалай жасалатынына куә болдық. Ал музыканттар сол аспаптардың үнін бүгінгі тыңдарманға жеткізіп, заманауи шығармаларда қолданып жүр.

Мұнда өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастықты көзбен көріп, құлақпен естуге болады.

Музей қызметкерлерінің ортақ мақсаты да осы – ұлттық аспаптарды тек тарихи жәдігер ретінде сақтап қоймай, оларды қайта жаңғыртып, халықтың күнделікті мәдени өміріне енгізу.

Айта кетейік, Астанадағы Өнер музейі 2025 жылдың қараша айында ашылған.