Header Banner

«Сіздің ақшаңызға тегін стилист»: Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Бүгін, 14:18
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Сіздің ақшаңызға тегін стилист»: Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы жаңа алаяқтық схеманың таралуы туралы ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Шетелдік деректерге сәйкес (t.me/elkabezobmana, lenta.ru, mir24.tv) қылмыскерлер шаш қиюларды, шаш үлгілерін, макияжды таңдау және фотосурет бойынша жеке бейнені жасауға арналған тегін ЖИ-сервистер түрінде зиянды бағдарламаларды таратуды бастады.

Ықтимал құрбандарға уәде етілген функционалға қол жеткізу үшін орналастырылған сілтеме бойынша өтіп, арнайы қосымшаны жүктеп алу ұсынылады. Шын мәнінде, мәлімделген ЖИ-сервистің орнына құрылғыға зиянды бағдарлама орнатылады, ол қылмыскерлерге смартфонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мұндай бағдарламалық қамтылым орнатылғаннан кейін, алаяқтар құрылғының жекеленген функцияларын бақылауға, жеке ақпаратты қарауға, құпия деректерге қол жеткізуге, сондай-ақ қаражатты ұрлау үшін банктік қосымшалар мен басқа да қаржылық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігін ала алады.

Мұндай алаяқтық әрекеттерден қорғану үшін келесілер ұсынылады:

- қосымшаларды тек ресми дүкендерден (Google Play, App Store және құрылғы өндірушісі қарастырған басқа да көздерден) жүктеп алу;

- күмәнді жарнамаларда, хабарламаларда және белгісіз интернет-ресурстарда орналасқан қосымшаларды жүктеп алу сілтемелері бойынша өтпеу;

- орнату алдында қосымшаның атауын, әзірлеушісін, ресми сайтын, пайдаланушылардың пікірлері мен жарияланған күнін тексеру;

- қосымша сұрайтын рұқсаттарды мұқият зерделеу;

- орнатылған қорғаныс құралдарын өшіруді ұсынатын қосымшаларды орнатпау;

- белгісіз сервистерде банктік карталардың деректерін, құпия сөздерді, SMS және push-хабарламалардан келген растау кодтарын енгізбеу;

- белгісіз қосымшаларға банктік сервистерге, хабарламаларға, хабарландыруларға және т.б. функцияларға қол жеткізуге рұқсат бермеу;

- смартфонның операциялық жүйесін уақытылы жаңартып отыру және зиянды бағдарламалық қамтылымнан қорғайтын орнатылған құралдарды пайдалану.

Есіңізде болсын: қосымшаны орнату алдында оның жүктелу көзінің сенімділігіне көз жеткізіңіз. Алаяқтардың сіздің сырт келбетіңізге жалған қамқорлық жасау арқылы смартфоныңызға қол жеткізуіне жол бермеңіз.