Header Banner

Астанада конкурдан Қазақстан чемпионаты басталды

Астанада конкурдан Қазақстан чемпионаты басталды
Фото: Әмір Теміржан

Елорданың «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан чемпионатында 30-дан астам шабандоз бақ сынап жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ел біріншілігі екі санат бойынша өткізіледі. Қатысушылар биіктігі 120-140 сантиметр аралығындағы кедергілерден өтіп, күрделілік деңгейі әртүрлі төрт бағыт бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.

«Жылдық күнтізбеге сәйкес, Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысынан 30-дан астам шабандоз жиналды. Олар А және В топтарында биіктігі 120-140 сантиметр болатын кедергілерден өтеді. Қатысушылар арасында өткен айда Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен XX жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғаған Олег Соколенко, Нұрила Тұрысбекова, Раиса Соколенко және Ксения Баталова да бар», – деді Қазақстан ат спорты федерациясының өкілі Алуа Ишеева.

Турнир Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен, халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылып жатыр.

Алматы қаласынан келген Дайана Онаева жарыстың алғашқы күніндегі өнеріне баға беріп, конкур спортының ерекшеліктеріне тоқталды.

«Бүгін Қазақстан чемпионатында биіктігі 130 сантиметр болатын кедергілерден өтіп, жарысты бастадым. Барлығын мүлтіксіз орындадым. Дегенмен жеңімпаздар екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша анықталатындықтан, енді келесі сынға дайындалуым керек. Конкурдың басты ерекшелігі – ерлер мен әйелдердің бірге жарысуы. Сонымен қатар мінген тұлпарыңмен өзара түсіністік орнату өте маңызды. Сондықтан жарыс барысында кез келген жағдайға дайын болуың қажет. Оның үстіне бізбен бірге Азия ойындарына қатысқан тәжірибелі спортшылар да сынға түсіп жатыр. Осындай мықты қарсыластармен бәсекеге түскенде психологиялық тұрғыдан аздап қобалжитының рас», – деді Дайана Онаева.

Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері 15 қарашада анықталады.