Бразилияның Сан-Паулу қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында боччадан әлем кубогының жеңімпазы Қуаныш Асқарбеков пен жарыстың күміс жүлдегерлері Итиана Шингисханова мен Азамат Аманша елге оралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына сілтеме жасап.
Спортшыларды жанкүйерлері мен спорт саласының мамандары қарсы алды.
Жекелей сында Қуаныш Асқарбеков әлем кубогында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Оған қоса, Итиана Шингисханова күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, командалық жарыста Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шингисханова мен Азамат Аманша екінші орын алды.
«Бұл менің әлем кубогындағы алғашқы алтын медалім. Өте керемет сезімдемін. Жарыс барысында топтық кезеңде Бельгия, Португалия және Бразилия спортшыларымен 4 ойын өткізіп, жеңіске жеттім. Ақтық кезеңде испаниялық Хуан Мануэль Монтильямен кездесіп, 4:1 есебімен басым түсіп, жеңімпаз атандым. Мен үшін әр ойын тартысты өтті. Оған қарамастан, барынша тырысып, намысты қолдан бермеуге бар күшімді салдым. Бүгін мені және біздің командамызды қолдап келген барша жанға алғыс білдіремін», - деді Қуаныш Асқарбеков.

Айта кетейік, боччадан әлем кубогына 26 елден 90-ға жуық спортшы қатысты.


