Астанадағы Asia Park сауда-ойын-сауық орталығында «Нұра» ауданының әкелер форумы өтті. Жиында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, ата-ананың жауапкершілігі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Форумға аудан мектептерінің белсенді әкелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Otbasy mektebi білім мен жастарды қолдау қорының директоры Серік Сейітман жобаның аясында жыл соңына дейін 50 іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді. Оның айтуынша, бастамалар кемінде 2 мың ата-ана мен 5 мың оқушыны қамтуға бағытталған.
«Бүгінде бала тәрбиесі мен отбасы институтының алдында тұрған мәселе аз емес. Ақпараттық шекара ашық заманда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру аса маңызды міндет. Сондықтан бұл жобаның аясында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға және балалардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізіледі. Әкенің отбасындағы орны ерекше. Әке – отбасының тірегі, баланың ұстазы әрі қорғаушысы. Бала әкесінің сөзінен гөрі іс-әрекетіне көбірек қарап өседі. Сондықтан әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуы, оның күнделікті өміріне көңіл бөлуі және рухани қолдау көрсетуі маңызды», – деді Серік Сейітман.
Форум барысында жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмысының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сетеновтің мәліметінше, жыл басынан бері елордада есірткіге қатысты 800-ден астам қылмыс тіркелген. Оның 19 дерегі кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған.
«Аталған көрсеткіштер жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Бүгінгі форум аясында ата-аналарға осы мәселенің өзектілігін түсіндіруге бағытталған бейнеролик ұсынылды. Онда есірткі тасымалдаумен айналысқан 16 жастағы жасөспірімнің тағдыры арқылы мұндай әрекеттің салдары көрсетіледі. Мұндағы басты мақсат – ата-аналарға баланың ортасына, араласатын адамдарына және күнделікті іс-әрекетіне назар аударудың маңызын жеткізу. Баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, оның өміріне бейжай қарамау құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды жолдарының бірі», – деп атап өтті полиция капитаны.
Өз кезегінде «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Маратқызы әкелер кеңесінің отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, кеңес жұмысы тәрбие мәселелерін талқылаумен ғана шектелмей, қиын жағдайға тап болған балаларға нақты көмек көрсетуге де бағытталған.
«Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына күрделі жағдайлар түскен кезде әкелер кеңесінің өкілдері де көмекке келеді. Олар баламен жеке жұмыс жүргізуге, спорт секцияларына тартуға, әңгімелесіп, қолдау көрсетуге дайын.
Өкінішке қарай, кейбір балалардың әкесі бола тұра, әкелік тәрбиеден тыс өсіп жатқаны да кездеседі. Мұндай жағдайда әкелер кеңесі жалғызбасты аналарға және тәрбиесінде қиындықтар туындаған отбасыларға қолдау көрсете алады. Біз бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырып, әкелер қауымдастығымен бірлескен байланысты нығайтамыз», – деді Әлия Маратқызы.

Ал Астана қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай елордадағы балалар санының артуы оларды қорғау бағытындағы жауапкершілікті де күшейтетінін атап өтті. Оның дерегінше, қалада 545 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала бар. Бұл елорда халқының шамамен 33 пайызын құрайды.
«Қазіргі уақытта балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында білім беру ұйымдары, психологтер, әлеуметтік қызметкерлер, полиция және балалардың құқықтарын қорғау басқармасы бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуде ата-анамен қарым-қатынас, әсіресе әкенің бала тәрбиесіне араласуы айрықша маңызға ие. Әке баласының жанында болып қана қоймай, оның күнделікті өміріне араласып, бос уақытын бірге өткізіп, мәселелеріне назар аударуы керек. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік тек мектепке немесе мемлекеттік органдарға жүктелмеуі тиіс. Бұл – ең алдымен, отбасының ортақ міндеті.
Басқарма тарапынан әкелер кеңестерінің жұмысына қолдау көрсетуге және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз», – деді басқарма басшысы.
Форум соңында қатысушылар бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін арттыру, отбасындағы өзара байланысты нығайту және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.