«Сарайшық» ауданында экологиялық айлық аясында 250 ағаш отырғызылды
Астана қаласының «Сарайшық» ауданында экологиялық айлық аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. Бөлекпаев көшесі, 9/1 мекенжайындағы аллеяда ұйымдастырылған шараға 230 адам қатысып, аумаққа 250 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Сарайшық» ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы Бекзат Асанның айтуынша, биыл аталған аумақта абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрғындарға арналған қоғамдық кеңістік қалыптастырылған.
«Биыл «Сарайшық» ауданындағы Бөлекпаев көшесі, 9/1 мекенжайында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылды. Аталған аумақта жалпы көлемі 900 шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолы төселіп, футбол алаңы мен воркаут аймағы жасақталды. Сонымен қатар тұрғындардың тынығып, уақыт өткізуіне арналған әткеншектері бар үш көлеңкелі орын орнатылды», – деді ол.

Маман қоғамдық кеңістікті абаттандырумен қатар, оның көгалдандырылуына да мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық айлық аясында бұл аумақта 250-ге жуық ағаш отырғызылған. Акция барысында көгалдандыру жұмыстары жалғасып, жаңа көшеттер егілді.
Экологиялық акцияға жастар да белсенді қатысты. «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Мирас Есенов экологиялық бастамаларға атсалысу жастар үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінгі экологиялық акцияға қатысып, қаламыздың абаттануына өз үлесімізді қосып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бас қаламызға жанашырлық тек сөзбен емес, нақты іспен де көрінуі керек. Ағаш отырғызу сияқты қарапайым жұмыстың өзі қоршаған ортаны сақтауға және қаланың жасыл желегін көбейтуге қосылған үлес деп есептеймін», – деді Мирас Есенов.

Оның сөзінше, бүгін отырғызылған көшеттердің болашақта үлкен ағашқа айналып, қала тұрғындарына пайдасын тигізуі жастар үшін де маңызды.
«Біз, жастар, осындай қоғамдық және экологиялық бастамаларға белсенді қатысуымыз қажет. Бүгін отырғызған ағашымыз бірден үлкен болып кетпейді, оны күтіп-баптау керек. Бірақ бірнеше жылдан кейін осы жерден көлеңке беріп тұрған ағаштарды көрген кезде, оның отырғызылуына өзіміздің де үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Осындай акциялар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қаланы таза әрі жайлы ұстауға деген көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймын», – деді ол.

Экологиялық акцияға «Сарайшық» ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері де қатысты. Сәт Досымов мұндай бастамалардың қала тұрғындарын ортақ іске жұмылдыратынын атап өтті.
«Бүгін елордадағы абаттандыру жұмыстарына аз да болса өз үлесімізді қосып жатқаныма қуаныштымын. Қаланың көркеюі мен тазалығы – барлығымызға ортақ мәселе. Сондықтан мұндай игі бастамаларға жасына қарамастан әр азаматтың қатысқаны дұрыс деп ойлаймын», – деді ол.

Сәт Досымовтың айтуынша, бүгін отырғызылған көшеттер бірнеше жылдан кейін қаланың жасыл желегін толықтырып, тұрғындарға пайдасын тигізеді.
«Бүгін біз отырғызған ағаштар уақыт өте келе тамыр жайып, өсіп, қала тұрғындарына пайдасын тигізеді. Бірнеше жылдан кейін осы аумаққа келген кезде өзіміз отырғызған көшеттердің үлкен ағашқа айналғанын көрудің өзі үлкен қуаныш болады. Бұл – бүгінгі күн үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс. Сондықтан елорданы көгалдандыруға, абаттандыруға бағытталған осындай шараларға әрдайым қолдау білдіріп, қолдан келгенше атсалысуымыз қажет деп есептеймін», – деді орталық мүшесі.
Экологиялық айлық аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ағаш отырғызу арқылы аумақты көгалдандырумен қатар, тұрғындарға жайлы әрі абаттандырылған қоғамдық орта қалыптастыру көзделіп отыр. Бүгін отырғызылған 250 көшет алдағы жылдары «Сарайшық» ауданындағы жасыл желектің қатарын толықтырып, аллеяның көркіне айналады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы өтіп жатқанын жаздық.