Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Тәңір соты» тарихи драмасы көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қойылымның премьерасы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтті.
Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайылдың аттас драмалық поэмасы негізінде сахналанған туынды елдік пен ерлікті, азаттық пен ар-намысты, ұлттық рух пен тарихи жауапкершілікті арқау етеді.
Қойылымда сақ дәуіріндегі оқиғалар арқылы бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселелер қозғалады. Атап айтқанда, жемқорлық, соғыс, діни ықпал және ел бірлігін сақтау тақырыптары тарихи кейіпкерлердің сөзі мен әрекеті арқылы көрініс тапқан.


Инсценировка авторы, театр актері әрі драматург Қазыбек Аманжолдың айтуынша, сахналық нұсқаны әзірлеу жұмыстары үш айға созылған. Шығарманың драматургиялық желісі театр сахнасына бейімделіп, ықшамдалған.
«Біз поэманың драматургиялық бағытын сахнаға сай етіп ықшамдап өзгерттік. Бұл шығармада сақ дәуіріндегі оқиғалар баяндалғанымен, қазіргі заманның мәселелері де көтеріледі. Мәселен, жемқорлық, соғыс, өзге дінді тарату секілді тақырыптар сол замандағы адамдардың аузымен жеткізіледі», – деді Қазыбек Аманжол.


Спектакльде Тұмар ханшаның бейнесін театрдың жас актрисасы Дильназ Қабдырова сомдады. Оның айтуынша, тарихи тұлғаның рөлін орындау үлкен жауапкершілік жүктеген.
«Тұмар ханшаны, яғни Томиристі сомдау мен үшін арман еді. Бұл – батыл, шыншыл, ел басқара алатын әйелдің бейнесі. Жас болсам да, тарихқа қызығамын. Сондықтан бұл рөлді орындау мен үшін ерекше маңызды. Тұмар ханшаның бойындағы әділдік, жауапкершілік пен аналық сезім тұтас елді біріктіре алатын қасиеттер деп ойлаймын», – деді актриса.
Оның пікірінше, спектакльдің негізгі идеяларының бірі – ел бірлігін сақтау.
Айта кетейік, қойылымның авторы – Алдан Смайыл, режиссері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әли Бидахмет, инсценировка авторы – Қазыбек Аманжол.
Туынды Тұмар ханшаның қайсар бейнесі арқылы жер тұтастығын сақтау, ұлттық тіл мен дәстүрді дәріптеу, ел рухын асқақ ұстау идеяларын насихаттайды.