Header Banner

«Елім менің – Қазақстаным!»: Астанада балалар шығармашылығының көрмесі өтті

Бүгін, 13:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Елім менің – Қазақстаным!»: Астанада балалар шығармашылығының көрмесі өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Елім менің – Қазақстаным!» атты сурет және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары көрмесі өтті. Көрмеге ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың шығармашылық жұмыстары қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Экспозицияға Астана қаласындағы «Сиқырлы қылқалам» сурет және кескіндеме студиясының, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының, Clover Foundation қоғамдық қорының тәрбиеленушілері, №2 және №3 арнайы мектептердің, №27 мектеп-лицей мен №10 мектеп-гимназияның оқушыларының 60-тан астам жұмысы енді.

Бастама ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың шығармашылығын қолдауға, қабілетін жетілдіруге және инклюзивті мәдениетті дамытуға бағытталған. 

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева құттықтау сөз сөйледі.

«Ақниет» қайырымдылық қорының қолдауымен жас өнерпаздарға сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Көрме Ұлттық музей жанындағы «Қолөнер ғаламшары» үйірмесінің бір жылдық жұмысының қорытындысы ретінде ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, Астанада алғаш рет голболдан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді.