Астанада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары мен жұмысшы мамандық өкілдері марапатталды
Астанада Еңбек күніне орайластырылған «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы аясында түрлі кәсіп өкілдері мен «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және басқалар қатысты.
Форумға еліміздің өңірлерінен түрлі кәсіп салаларының өкілдері жиналды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Олжас Бектенов бүгінде Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек етіп жатқанын, оның шамамен 2,3 миллионы жұмысшы мамандықтардың өкілдері екенін айтты. Жыл басынан бері елімізде 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі кәсіп өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Марапатталғандардың қатарында елорда өкілдері де бар.

«Құрмет» орденімен «Астана-Зеленстрой» ЖШС машинисі, еңбек өтілі 47 жылды құрайтын Салмен Нұрмағанов марапатталды. III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне салада 44 жыл еңбек еткен «Астана су арнасы» МКК экскаватор машинисі Қанат Темірбеков ие болды.
Сондай-ақ форум аясында «Еңбек жолы» республикалық және қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Астананың жеті өкілі байқаудың екі номинациясы бойынша жүлделі орындарға ие болды. Оларға марапаттарды елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев табыстады.

«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясында бірінші орынды «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК жөндеу-пайдалану учаскесінің бастығы Игорь Костишин иеленді. Екінші орынға «Астана-Зеленстрой» ЖШС жасыл құрылыс қызметінің инженері Әлібек Аманжолов, үшінші орынға Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Шекер Даметова ие болды.
«Өндірістің үздік жас жұмысшысы» номинациясында үшінші орындарды қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясының көшпелі бригадасының фельдшері Айгерім Мұқашева мен «Астана-Энергия» АҚ машинист-обходчикі Ералы Хамзин иеленді.
Бұл номинацияда бірінші орынды «Астана – Өңірлік Электржелілік Компаниясы» АҚ Байқоңыр РЭС-інің жетекші инженері Данияр Манарбеков алды. Ол энергетика саласында бес жыл еңбек етіп келеді: еңбек жолын электрмонтер болып бастап, кейін жетекші инженер қызметіне дейін өскен.
«Электр энергетикасына деген қызығушылығым бала кезімнен пайда болды: кәдімгі шамның қалай жанатынын білгім келетін. Бұл бағытты таңдауыма әкем көмектесті, ата-анам қолдау көрсетті.
Электрмонтер болып жұмыс істей бастадым, қазір жетекші инженер атандым», – деді Данияр Манарбеков.
Жеңімпаздың айтуынша, ол байқауды бірнеше жыл бойы бақылап, оған қатысу талаптарын зерттеген. Биыл ол үшін өтінім берудің соңғы мүмкіндігі болған, өйткені кейін оның еңбек өтілі байқау талаптарында белгіленген бес жылдық мерзімнен асып кететін еді.
«Мен көптен бері қатысуды мақсат етіп жүрдім, бірақ бірінші орын аламын деп күтпедім. Мен үшін бұл марапат кәсіби бағытымды дұрыс таңдағанымды растайды. Бұл – тек өз еңбегімнің ғана емес, ата-анам мен әріптестерімнің қолдауының нәтижесі», – деп атап өтті ол.
Алдағы уақытта Данияр Манарбеков кәсіби дамуын жалғастырып, заманауи технологияларды зерттеп, алған білімін қала мен елдің игілігіне қолдануды жоспарлап отыр.
«Білімді үнемі жаңартып отыру қажет. Бүгінде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дамып келеді, мұның бәрін зерттеп, игілікке пайдалану керек», – деп қосты маман.
«Өндірістің үздік жас жұмысшысы» номинациясында екінші орынды Астана әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы азаматтарды қабылдау бөлімінің басшысы Жандос Бақыт иеленді. Оның әлеуметтік салаға деген қызығушылығы мектеп кезінен пайда болған.
«Әлеуметтік салада жұмыс істеу менің арманым болды. Мектепте жүрген кезімнен осы бағытты бақылап, қызығушылық таныттым, кейін бейінді мамандықты таңдадым. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін», – деді Жандос Бақыт.
Қызметіне байланысты ол күн сайын аз қамтылған отбасылармен, мүгедектігі бар адамдармен, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналармен және өмірлік қиын жағдайға тап болған басқа да қала тұрғындарымен сөйлеседі.
«Қабылдауға келген адамдардың уайымын көремін және әрқайсысына көмектесіп, өміріндегі қиындықтарын жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамын. Қазір магистратурада оқып жатырмын және алдағы уақытта да қоғамға қызмет етіп, азаматтарға нақты пайда әкелуді жоспарлап отырмын. Мен осы мақсатпен еңбек етіп жүрмін», – деп атап өтті Жандос Бақыт.