Елордада «Viksit Bharat Run 2026» жарысына 250 -ге жуық адам қатысты

Бүгін, 16:25
elordaaqparat elordaaqparat
Елордада «Viksit Bharat Run 2026» жарысына  250 -ге жуық адам қатысты
Фото: Elordainfo.kz

Бүгін елордада «Viksit Bharat Run 2026» халықаралық жүгіру жарысына  250 -ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Махатма Ганди ескерткіші маңында ұйымдастырылған жарыста қатысушылар 2,5 шақырымдық қашықтықта бақ сынады.

Іс-шараны Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі  мен Байқоңыр ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

«Viksit Bharat Run» іс-шарасы Астанада осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жарыс әлемнің 150-ден астам қаласында «Ұлтқа қызмет ету үшін жүгір» ұранымен болады. Ол бірлікті нығайтуға, жаһандық серіктестікті кеңейтуге, жастардың белсенділігін, көшбасшылық қабілетін ынталандыруға жол ашады. Бүгінгі іс-шараны өткізуге қолдац білдірген Байқоңыр ауданы әкімдігіне алғысымды білдіремін», - деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал.


Жарысқа әр жастағы тұрғындар қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосты.

«Соңғы 3 жылдан бері спорттың түрлі түрі бойынша марафондарға қатысып келемін. Олардың қатарында жүгіру, шаңғы тебу және басқа да түрлері бар. Бүгін — 56-шы марафоным. Жасым 66-да, зейнеттемін. Мұндай жарыстарға қатысуым — белсенді өмір салтын ұстану үшін. "Viksit Bharat Run" жарысына осымен екінші рет қатысып отырмын», — деді астаналық зейнеткер.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Табиғат анаға бір ағаш» бастамасы бойынша сенбілік те ұйымдастырылды.

Қатысушылар «Ақбұлақ» өзенінің бойына  қарағаш, шырша және өзге де ағаш түрлерінен  көшеттер отырғызды.

Бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық және спорттық шаралар қоғам арасында салауатты өмір салты мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын насихаттауға бағытталған.