Қазақстан үшін тарихи күн: Тимур Турлов ФИДЕ президенті болып сайланды

Бүгін, 18:00
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан үшін тарихи күн: Тимур Турлов ФИДЕ президенті болып сайланды
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Самарқандта Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Бас ассамблеясында президент сайлауы мәресіне жетті. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Екінші турда бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бір командада сайлауға түскен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жеңіске жетті. Шешуші кезеңде 110 делегат дауыс берсе, Вадим Розенштейнге 85 дауыс берілді. ФИДЕ тарихында алғаш рет ұйымды Қазақстан өкілі басқарады, ал Вишванатан Ананд президенттің орынбасары лауазымын иеленеді.

Делегаттар бюллетень алмас бұрын кандидаттардың үшеуі де сөз сөйледі. Сөз кезегі дауыс беру парақшасындағы үміткерлердің әліпби реті бойынша берілді. Алғашқы болып WR Chess шахмат командасының негізін қалаушы Вадим Розенштейн және оның тізімдегі серіктесі, сингапурлық кәсіпкер Гордон Танг сөз алды. Екінші болып британиялық шахмат қайраткері Малкольм Пейнмен бірге сайлауға түскен неміс кәсіпкері Ян Хенрик Бюттнер баяндама жасады. Сөз кезегін Тимур Турлов түйіндеді. Үміткерлердің әрқайсысы жеңіске жеткен жағдайда ФИДЕ-нің келешек даму бағытын қалай көретінін таныстырды.

Тимур Турлов Өзбекстанға, Өзбекстан шахмат федерациясына, Президент Шавкат Мирзиёевке және Премьер-министр Абдулла Ариповқа Олимпиада мен конгресті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол сайлауалды науқан барысында Қазақстан, Коста-Рика, ОАР, Әзербайжан, Германия, Эфиопияда және Самарқандта күн сайын делегаттармен кездескенін еске салды.

«Президент жақсы да, жаман да, күрделі де, қарапайым да кез келген сұраққа ашық жауап беруге дайын болуы тиіс. Ашық пікірталас осы қызметтің ажырамас бөлігі. ФИДЕ ең алдымен өзінің ұлттық федерациялары мен шахмат сүйер қауым үшін өмір сүреді. Ал шахматтың маңызы тек чемпиондар мен турнирлермен шектелмейді. Өйткені ол бұқаралық деңгейден басталатын өркендеу жолы, мектептегі шахмат үйірмесіне алғаш қадам басқан бала, сондай-ақ өз құрамасын Олимпиадаға жіберуге ұмтылған шағын федерацияның тыныс-тіршілігі», –  деді Тимур Турлов.

Ол қазақстандық тәжірибеге де арнайы тоқталды. «Қазақстан ұзақ уақыт бойы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір болып келеді. Түрлі мүдделері бар әртүрлі көршілермен қатар өмір сүре отырып, біз тәуелсіздігіміз бен игілігіміз үшін тату қарым-қатынас орнатудың, пікіралшақтығын еңсерудің және қауымдастықты біріктірудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті.

Турлов Қазақстан шахмат федерациясының 2023 жылдан бергі атқарған жұмыс нәтижелерін де тілге тиек етті. «Білім берудегі шахмат» жобасы 42 мектептен 2,5 мыңнан астам мектепке дейін кеңейді, қазақстандық шахматшылар жүздеген медаль жеңіп алды, әйелдер құрамасы Будапешттегі Олимпиадада күміс жүлдені еншіледі, елде әлем чемпионы атағы үшін матч, рапид пен блицтен әлем чемпионаты және басқа да көптеген халықаралық турнирлер өтті.

«Бүгінде шахмат Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің біріне айналды. Оны мемлекет, демеушілер, бизнес өкілдері жоғары бағалайды және оның әлеуметтік маңызы өте зор. Бұл – тәжірибеде дәлелденген нәтиже, мен дәл осы тәжірибені ФИДЕ-ге енгізгім келеді», – деді ол.

Жаңа ФИДЕ президенті ұсынған басты бастамалардың бірі – төрт жылға арналған көлемі 28 миллион долларды құрайтын Даму қорын құру. Бұл қаражатты бөлу ұлттық федерациялармен бірлесе жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тимур Турлов ұлттық федерациялардың демеушілер мен үкіметтер алдындағы беделін арттыру мақсатында жылына 1,5 миллион доллар, яғни өкілеттік мерзімі ішінде 6 миллион доллар бөлінетін Медиақор құруды ұсынды. Сонымен қатар, Турлов ФИДЕ-ні заманауи цифрлық ұйымға айналдыруға және жаңа жаһандық серіктестерді тартуға уәде берді.

«ФИДЕ бизнеске айналмауы тиіс. Серіктестік біздің ары қарай дамуымыз үшін қажет», – деп атап өтті ол.

Сайлау нәтижесі жарияланғанға дейін-ақ Турлов қарсыластарына қол созды.

«Вадим, Ян Хенрик және менің көзқарастарымыз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың бағдарламаларында жалғастыруға тұрарлық сапалы идеялар бар. Сайлаудан кейін мен қисынды әрі пайдалы бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Сайлау науқаны бүгін аяқталады, ал шахматтағы жұмысымыз тоқтамайды», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев FIDE президенті лауазымына сайлануына орай Қазақстан шахмат федерациясының президенті, белгілі кәсіпкер, меценат Тимур Турловқа құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.