Астанада балаларға күрделі омыртқа отасына арналған халықаралық шеберлік сағаты өтеді
Астанада 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында балалардағы күрделі омыртқа деформацияларын хирургиялық емдеуге арналған халықаралық шеберлік сағаты өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елордадағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Добровольное Общество «Милосердие» қоғамдық қорының қолдауымен, Ресей Денсаулық сақтау министрлігі Балалар денсаулығының ұлттық медициналық зерттеу орталығы мамандарының қатысуымен өтетін халықаралық шеберлік сағаты №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында алғаш рет ұйымдастырылады.
Шеберлік сағатына медицина ғылымдарының докторы, хирург, доцент, профессор, травматолог-ортопед Олег Челпаченко және анестезиолог-кардиолог Сергей Кузьмин келеді деп жоспарланып отыр.
Бес күн ішінде балаларға бес күрделі ота жасау, ондаған пациентке консультация беру және дәрігерлерге арналған лекциялық сабақтар өткізу жоспарланған. Негізгі бағыт – созылмалы неврологиялық аурулары және балалар церебралды сал ауруы бар балалардағы сколиоздың және омыртқа деформацияларының күрделі түрлерін хирургиялық емдеу.
Сонымен қатар анестезиологиялық қамтамасыз ету және күрделі вертебрологиялық патологиясы бар пациенттерді операциядан кейінгі кезеңде қарқынды емдеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Шеберлік сағаты барысында қазақстандық және ресейлік дәрігерлер күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, заманауи хирургиялық тәсілдер мен пациенттерді емдеудің әр кезеңіндегі тактиканы қарастырады.
Шетелдік мамандардың қатысуына қажетті қаражат бизнес өкілдері мен Қазақстан тұрғындарының қайырымдылық көмегі есебінен жиналған. Ал шеберлік сағаты аясындағы балалардың операциялары мен консультациялары тегін жүргізіледі.
«Мұндай шеберлік сағаттары нақты балаларға көмек көрсетумен қатар, қазақстандық дәрігерлерге тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Шетелдік мамандардың білімі мен тәжірибесі жергілікті медицинаға оң әсерін беріп, алдағы уақытта көптеген пациентке пайдасын тигізеді», – деді «Добровольное Общество «Милосердие» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин.
Бұған дейін қазақстандық дәрігерлер Тәжікстанда 100-ден астам науқасқа консультация беріп, күрделі ота жасағанын жазған едік.