Астанада ер адам бұрынғы сүйіктісінің жұмыс орнына келіп, «өртеймін» деп қорқытқан

24 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада ер адам бұрынғы сүйіктісінің жұмыс орнына келіп, «өртеймін» деп қорқытқан
Фото: Magnific.соm

Астанада ер адам бұрынғы бірге тұрып жүрген әйелінің жұмыс орнына жанғыш сұйықтықпен келіп, оны өртеп жіберемін деп қорқытқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Астана қалалық прокуратураның мәліметінше, ер адам әйелдің жұмыс орнына бөтелкеге құйылған жанғыш сұйықтықпен келген. 

Ол бұрынғы қарым-қатынасты қайта жалғастыруды талап етіп, әйелді өртеп жіберетінін айтып қорқытқан. Кейін жәбірленушінің үстіне жанғыш сұйықтық құйып, оның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы күдіктінің кінәсін толық дәлелдеді.

Сот шешімімен ер адамға 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылып, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға қатаң тыйым салынды.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

«Азаматтардың өміріне, денсаулығына қол сұғылмаушылығына жасалған кез келген әрекет, соның ішінде қорқыту мен қудалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қауіп төнген жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет», – деп еске салды Астана прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін Астанада әйелін қудалаған ер адамның 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылғаны туралы жаздық.