Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 24 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңіз ағызып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметші кеткен. Олардың 9-ы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен министрлік комиссиясы оқиға орнына аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Оқиғаны тергеу үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Тергеу аясында қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған», - делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жағдайы мен іздестіру жұмыстары туралы қосымша ақпарат ресми деректер расталған соң берілетінін атап өтті.