Заң мен тәртіп: Астанада «Антивандал» акциясы өтті

Бүгін, 15:57
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Заң мен тәртіп: Астанада «Антивандал» акциясы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың «Сарыарқа» ауданында «Антивандал» акциясы өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Акцияны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы «Сарыарқа» ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Еріктілер Мұхтар Әуезов көшесіндегі скейт-парк маңында рұқсатсыз салынған граффити мен жазуларды бояп, аумақты ретке келтіруге атсалысты.

Орталықтың құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Дәуіржан Жұмаханның айтуынша, мұндай акциялар 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл орталық 357 акция ұйымдастырған.

«Жүргізген мониторингіміз бойынша қаладағы граффитилердің шамамен 70 пайызы «Сарыарқа» ауданында тіркелген.

Сондықтан бұл жолы осы ауданды таңдадық. Қаламыздың көрікті болғанын қалаймыз және қоғамдық орындарға зиян келтіруге қарсымыз», – деді ол.

Акцияға қатысқан ерікті Дарья Олейникова аялдамалардағы, ғимарат қабырғалары мен орындықтардағы жазулар қаланың келбетін бұзатынын айтты.

«Мұндай акцияларға қуана қатысамын. Қала тазарып, көркейе түседі. Жастардың да ортақ іске белсенді араласқаны жақсы», – деді ерікті.

Акция қала тазалығын сақтауға, қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарауға және жастарды пайдалы іске тартуға бағытталған.

Еске сала кетейік, Астанада мас күйінде көлік жүргізген ер адам 20 тәулікке қамалды.