Қазақстандық электр монтерлер халықаралық жарыста бірінші орын алды

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстандық электр монтерлер халықаралық жарыста бірінші орын алды
Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан құрамасы Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің электр энергиясын тарату желілеріндегі үздік командасын анықтайтын халықаралық байқауда бірінші орын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

21-23 қыркүйек аралығында Түркия астанасы Анкарада өткен жарысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының мамандары қатысты.

Қазақстан намысын Энергетика министрлігі жасақтаған құрама қорғады. Команда құрамына Шымкент қаласының «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және Ақтөбе облысының «Энергосистема» ЖШС мамандары кірді.

Жарыс қорытындысында қазақстандық электр монтерлер бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар команда «Ең табысты команда» арнайы номинациясымен марапатталды.

Сайыс TEDAŞ оқу базасында өтіп, қатысушылардың электр қондырғыларымен жұмыс істеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және тарату желілерін пайдалану бойынша практикалық дағдылары сыналды.

Командалар тарату трансформаторындағы ақаулы жоғары кернеулі сақтандырғышты ауыстыру бойынша практикалық тапсырманы орындады. Бағалау кезінде жұмыстың дұрыс орындалуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, тапсырманы орындау жылдамдығы және техникалық шешімдердің тиімділігі ескерілді.

Қазақстанның жарысқа қатысуы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің энергетика саласындағы мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар байқау қазақстандық электр монтерлердің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде көрсетуге жол ашты.

Бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылағанын жаздық.