Мемлекет басшысы Астанадағы «Joltap» тәжірибесін өңірлерге таратуды ұсынды

Мемлекет басшысы Астанадағы «Joltap» тәжірибесін өңірлерге таратуды ұсынды
Фото: Астана әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында елдегі кадр қажеттілігіне тоқталып, 2035 жылға дейін 2,9 миллион маман қажет болатынын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметі.

«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ.

Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр.

Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жұмысшы және цифрлық мамандарды даярлауға бағытталған Астанадағы «Joltap» жобасының нәтижесіне де тоқталды.

«Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқа мерзімді оқыту моделі.

Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет.

Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

«Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал.   Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар. Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама маңызды. Аймақтарға пайдасы тиетін істен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Бұл шаруаны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды.   Азаматтарымыз да бұл міндетке жауапкершілікпен қарап, белсенді, табанды және елге жанашыр болуы қажет. Біз бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.   Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық. Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру бұл – бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз. Бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет», – деді Тоқаев.

Оның пікірінше, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру – елді жаңғыртудың бір жолы.  

«Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды.   Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді.   Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет.   Көп жұмыс атқарылды. Мұны мойындау керек. «Үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды.   Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір қоғамдық бірлестік туралы пікірін білдірді.

«Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды.   Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық.   Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады.   Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет.   Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс.   Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды.   Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы.