Жалпыұлттық аза тұту күні

Жанарбек Әшімжан: Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстыратын маңызды фактор

24 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жанарбек Әшімжан: Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстыратын маңызды фактор
Фото: t.me/mazhilis_kz

Бүгін — Қазақстан Халық Кеңесінің І сессиясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы қатысып, баяндама жасап, еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа институттың орны мен міндеттері айқындап берді. Бұл туралы ақын, журналист, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құрылтай депутаты Президент баяндамасынан ел үшін стратегиялық маңызы бар бірнеше негізгі тұжырымды атап өтті.

«Халық Кеңесі мен Құрылтай — бір-біріне балама немесе бәсекелес институттар емес. Қоғамда пікірталас тудырған осы мәселеге қатысты нақты ұстанымын білдірді. 

Мемлекет басшысы: «Халық Кеңесі — Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек», -- деп қадап айтты. 

Құрылтай заң шығару ісімен тікелей айналысса, конституциялық мәртебесі бар Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктердің, өңірлік мәслихаттар мен азаматтық ұйымдардың үнін жеткізетін ортақ қоғамдық алаң ретінде қалыптасады. Заң жобаларын әзірлеу барысында осы қос институттың өзара ықпалдастығы қоғамның талап-тілегін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік мүдде жолында екі институттың өз құзыреті шеңберінде өзара толықтырып, бірлесіп жұмыс істеуінің маңызды тетігі. 

Ата Заңымыз жай ғана ресми құжат емес, әр азаматтың құқығы мен бостандығын нақты қорғайтын тиімді құқықтық тетік болуы керек. Президент формализм мен қағазбастылықтан, жалаң ұраншылдықтан арылу қажеттігін қатаң ескертті. Бұл — мемлекеттік аппарат пен заң шығарушы органдар үшін маңызды сигнал. Нақты іс пен шынайы ниетке негізделмеген реформалардың нәтижесі де болмайды. Мемлекет басшысының сөзінен реформаларды формалды түрде емес, нақты мазмұнмен және нәтижеге бағыттап іске асыру қажеттігі анық аңғарылады», - деді Жанарбек Әшімжан.

Ол сондай-ақ Президенттің мемлекеттік тілдің мәртебесіне арнайы тоқталғанын атап өтті.

«Нақ сөзін келтірейін. 

«Ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ! Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», - деді Мемлекет Басшысы.  

Еліміздің халықаралық аренадағы жаңа бағдары айқындалды. Қазақстанды бәсекеге қабілетті орта держава ретінде таныту — ұлттық мүддені қорғау, экономикалық әлеуетті арттыру және елге ауқымды инвестиция тарту тұрғысынан маңызды міндет. 

Жаңа Конституция Ұлы даланың мыңжылдық тарихы мен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын бекітіп, қоғамдағы бірқатар идеологиялық пікірталастарға құқықтық негізде жауап берді. Адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту — мемлекеттің негізгі міндеттері. Президент ірі жиындарда жиі атап өтетін «Түрлі көзқарас — біртұтас ұлт» қағидаты да осы мақсаттармен үндес. 

Біз, Құрылтай депутаттары, Халық Кеңесімен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, Әділетті, Озық әрі Таза Қазақстанның құқықтық негіздерін нығайту жолында табанды еңбек етеміз. 

Алдымыздағы мақсат — ортақ, Отанымыз — бір. Ел тағдыры шешілер тарихи кезеңде өзара ықпалдастық пен бірлескен жұмыс — баршамыздың басты міндетіміз», - деді Құрылтай депутаты.