Жалпыұлттық аза тұту күні

Астана-1 вокзалы жаңғыртылып жатыр: қандай өзгерістер болады

24 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана-1 вокзалы жаңғыртылып жатыр: қандай өзгерістер болады
Фото: ҚТЖ

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қайта жаңартудан кейін Астана-1 станциясы вокзалының ауданы 580 шаршы метрге ұлғаяды және 8,4 мың шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» компаниясына сілтеме жасап.

Жаңартылған вокзал жолаушылар ағынына ыңғайлы қызмет көрсетуге есептелетін болады, ол бүгінде тәулігіне 10 мың адамды және жылына 2,5 млн жолаушыны құрайды.

Нысанда шатырды монтаждау, ішкі инженерлік коммуникацияларды ажырату, шатыры бар жағалау перрондарын  құру аяқталды. Әрлеу жұмыстары, конкорсты орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Вокзалда жаңа эскалаторлар, лифттер мен көтергіштер орнатылған. Пандустар, ана мен бала бөлмелері, санитарлық бөлмелер және күту аймақтары жабдықталуда. Мобильділігі төмен  жолаушылар үшін кедергісіз орта, соның ішінде тактильді навигация және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақпараттық тақтайшалар қарастырылған», - делінген хабарламада.

Астана-1 станциясының вокзалы 1990 жылы салынған. Құрылысы аяқталғаннан кейін нысанда негізінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бағдарламаны өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және әкімдіктер қолдауымен іске асыруда.

Еске салсақ, Атбасар вокзалы қайта жаңартылып, жолаушыларға есігін ашты.