Президент: Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару – Халық Кеңесінің міндеті

Президент: Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару – Халық Кеңесінің міндеті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек екенін, бұл да – Халық Кеңесінің міндеті екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс.   Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн.    Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды. Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс.   Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын.   Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек.   Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.   Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз.   Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады», – деді Президент.

Президент қазір еліміз тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басқанын атап өтті.

«Ауқымды өзгерістер үдерісі билік тармақтарын жаңғыртумен тоқтап қалмайтыны анық.   Біз Әділетті, Озық, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолындағы кешенді жұмысты үздіксіз жалғастыра береміз.   Біз реформаларды табысты жүзеге асырып, еліміздің тұрақты өсіп-өркендеуі үшін мызғымас негіз қалыптастыруымыз қажет.   Бұл үшін қоғамдық сананы өзгертуіміз керек. Басқа сөзбен айтсақ, халқымыздың санасының өзегінде білімпаздық, ұқыптылық, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері тұруға тиіс.   Себебі заңға бағыну, елге жанашыр болу, табиғатқа қамқор көзбен қарау, тазалықты сақтау – мұның бәрі де озық ойлы ұлтқа тән маңызды құндылықтар.   «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» бастамаларының басты мақсаты да – осы құндылықтарды қоғамда түпкілікті орнықтыру», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы тағы бір маңызды міндет – ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту екенін айтты.  

«Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым.   Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз.   Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз.   Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді.   Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді.   Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды.   Сәулет өнерінің осынау жауһарлары – Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды», – деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, тарихты дұрыс тани білу – ең қажетті дағды. 

«Дегенмен осы тұста бір мәселеге тоқтала кеткен жөн.   Тарихты дұрыс тани білу – ең қажетті дағды. Өткенге өкпе арту – болашаққа балта шабумен тең әрекет.   Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек.   Күнделікті өмірде де мұңға батпай, еңсені тік ұстап жүрген жөн.   Өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет. Олар ұлтының тарихын мақтан етіп, еліміздің болашағына сеніммен қарауы керек.   Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы сөзі бар.   Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының кепілі.   Сондықтан біз қазір «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жұмысқа атүсті қарамай, сапалы атқару керек.   Қазақ қилы замандардан қайыспай өткен, өр рухын жықпаған, қайсар, жігерлі ұлт болған.   Біз ата дәстүрімізді, асыл дінімізді, ана тілімізді, бірегей болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет.   Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек.   Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет.   Бұл аса маңызды істі орындауға сіздер – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де елеулі үлес қосасыздар деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.