Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды
Ақмола облысындағы «Жақсы – Есіл – Бұзылық» автожолының 80-82 шақырымдарында Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 255,4 метр болатын көпір II техникалық санаттағы жолдың 2,19 шақырымын қамтитын күрделі жөндеу жобасы аясында салынды. Нысанға кіреберіс жолдар да жаңартылып, қажетті жол инфрақұрылымы жасалды.
Екі жолақты көпірдің жүріс бөлігінің ені – 7,5 метр, ал жол төсемі – 9 метр. Кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайды.
Қозғалыс қауіпсіздігі үшін 510 метр жаяу жүргіншілер қоршауы және 1 930 метр тосқауыл қоршауы орнатылды. Сонымен қатар 15 жол белгісі қойылып, 2,19 шақырым жолға көлденең және бойлық жол таңбасы сызылды.
Қазір нысанды толық жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Жарықтандыру бағандарына арналған 101 іргетас дайындалып, баспалдақтар мен олардың қоршауларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс жұмыстарына 60 маман мен 22 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған.
Жаңа көпір Есіл өзені арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, республикалық маңызы бар жолдың осы учаскесіндегі қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы ең биік көпірдің құрылысы аяқталғанын жазған едік.