Ақтауда «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалі өтеді
25-27 қыркүйек аралығында Ақтауда халықаралық «Каспий – достық теңізі» эстрадалық вокал фестиваль-байқауы өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш күнге жоспарланған фестиваль аясында халықаралық ән байқауының ашылуы, конкурстық бағдарлама және қорытынды кеш өтеді.
25 қыркүйек күні фестиваль-байқаудың салтанатты ашылуы болады. Қатысушылардың өнерін тамашалауға болатын іс-шара 15-шағын ауданындағы «Амфитеатр» алаңында сағат 19:00-де басталады.
26 қыркүйекте байқаудың конкурстық бағдарламасы өтеді. Өнерпаздар 4А шағын ауданындағы «Жартасты соқпақ» алаңында сағат 17:00-де өнер көрсетеді.
27 қыркүйекте фестиваль-байқаудың жабылу салтанаты және Ақтау қаласының туған күніне арналған мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады.
Кеште Лұқпан Жолдасов, Тамара Асар, Raim, Маржан Арапбаева және Жанар Дұғалова өнер көрсетеді. Концерт 15-шағын ауданындағы «Амфитеатр» алаңында сағат 19:00-де басталады.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын халықаралық фестиваль мен мерекелік гала-концертке шақырады.