Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 62,7 млрд теңге міндеттемесін өтеді

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 62,7 млрд теңге міндеттемесін өтеді
Коллаж: Elordainfo.kz

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ жалпы сомасы 62,7 млрд теңге болатын облигациялардың екі шығарылымы бойынша міндеттемелерін толық орындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инвесторларға тамыз айының соңында 60 млрд теңге негізгі борыш қайтарылып, 2,7 млрд теңге көлемінде купондық сыйақы төленді.

Облигациялар 2025 жылдың басында Қазақстан қор биржасында (KASE) орналастырылған. Олардың айналыс мерзімі 1,5 жылды құрады. Бұл мерзім астық нарығындағы ақша айналымының ерекшеліктері мен Корпорацияның қаржыландыру қажеттілігін ескере отырып белгіленген.

«Қаржыландыру мерзімін айқындау кезінде астық нарығындағы ақша айналымының ерекшеліктерін ескердік. Егінді сатып алу кезеңінде өтімділікке қажеттілік артады, ал өнімді өткізуден түсетін қаражат кейінірек түседі. Облигациялардың 1,5 жылдық айналыс мерзімі қаржыландыру қажеттілігін күтілетін ақша түсімдерімен үйлестіруге мүмкіндік берді», – деді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов.

Оның айтуынша, Корпорация үшін қаржы ресурстарын тиімді басқару маңызды. Компания астық нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға бағытталған бағдарламаларды іске асырады.

«Біз үшін компанияның қаржылық тұрақтылығын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөндірушілерді қолдау міндеттерімен ұштастыру маңызды. Корпорация ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламалары арқылы өндірушілерге қолдау көрсетеді», – деді Ильдар Исмагулов.

Облигациялардың өтелуінен кейін Корпорацияның 2026 жылдың басынан бергі жалпы борыштық міндеттемелері 52,4 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Компания алдағы уақытта да борыштық жүктемені азайтуға, қаржы ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға және аграрлық секторды тұрақты қаржыландыруға басымдық бермек.

Айта кетейік, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ – Қазақстанның астық нарығындағы оператор. Оның жалғыз акционері – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұған дейін Азық-түлік корпорациясы еліміздің оңтүстік өңіріне 30 мың тонна астық жөнелткенін жаздық.