Астанада жұмыс жәрмеңкесінде 3 665 бос орын ұсынылды

Астанада жұмыс жәрмеңкесінде 3 665 бос орын ұсынылды
Фото: Астана әкімдігі

Астанада жыл басынан бері өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне 453 жұмыс беруші қатысып, 2 821 жұмыс іздеуші қамтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жұмыс жәрмеңкесі аясында қала тұрғындары жұмысқа орналасу, еңбек қатынастары және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша мамандардан кеңес алды.

Іс-шараға Еңбек инспекциясы, Әлеуметтік қорғау департаменті, Білім басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Спорт басқармасы, Тұрғын үй басқармасы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.

Тұрғындарға бос жұмыс орындары таныстырылып, жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шартын жасау, еңбек құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.

Сонымен қатар мамандар мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау, білім алу, медициналық қызметтерді пайдалану, спорттық үйірмелер мен секцияларға қатысу, тұрғын үй және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Жыл басынан бері жәрмеңкелерде жұмыс іздеушілерге барлығы 3 665 бос жұмыс орны ұсынылған. Нәтижесінде 17 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.

«Жұмыс іздеп жүрген азаматтар өздеріне сәйкес бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мамандардан кеңес алды», – деді «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандары Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетова.

Бұған дейін елімізде жұмыссыз мәртебесін беру тәртібі өзгеретінін жаздық.