Жасымық экспорты: Қазақстан Үндістан нарығына шықты

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Жасымық экспорты: Қазақстан Үндістан нарығына шықты
Фото: ҚТЖ

Ақмола облысында өндірілген жасымық Үндістанға Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жөнелтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүкті тасымалдауды «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы – «KTZ Express» АҚ ұйымдастырған. Жасымық Ақкөл станциясынан Үндістанның Мундра портына мультимодальды маршрутпен жеткізіледі.

Алдымен өнім Ақкөлден Ақтау портына дейін теміржол арқылы тасымалданған. Одан әрі контейнерлер Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанның Алят портына жеткізілген. Кейін жүк теміржолмен Грузияның Поти портына жөнелтіліп, сол жерден теңіз көлігімен Үндістанның Мундра портына бағыт алған.

Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде алтыншы орында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 56%-ға өсіп, 1 миллион тоннаға жеткен.

Жасымық өндіру мен өңдеу қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі – Ақмола облысы. Өнім көлемінің артуы қазақстандық жасымықтың экспорттық географиясын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Үндістанға жеткізілген бұл партия отандық өндірушілердің Оңтүстік Азия нарығына шығуына жол ашатын бағыттардың бірі саналады. Транскаспий бағытын пайдалану Қазақстан өнімдерін жаңа нарықтарға жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Бұған дейін елімізде астық тасымалы 13 пайызға өскенін жазған едік.