Астанада цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті талқыланды

Бүгін, 17:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті талқыланды
Фото: Думан Аманжол

Астанада Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өтіп жатқан «Ұлттық әдебиет және тіл» форумының екінші отырысында цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Үш күнге жоспарланған форумды Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» КММ ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты – ұлттық әдебиетті насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кітап оқу мәдениетін дамыту, қаламгерлер шығармашылығын қолдау және қазіргі тілдік үдерістерді талқылау.

Достық үйінде өткен екінші отырыс «Цифрлық кеңістіктегі тіл тазалығы: әлеуметтік желідегі мәдениет, тәртіп және әдеп» тақырыбына арналды.

Жиында әлеуметтік желідегі қазақ тілінің қолданысы, сауатты жазу мәдениеті, мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі орны, тіл тазалығы және интернеттегі қарым-қатынас әдебі сөз болды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлісхан Домалайқызы әлеуметтік желінің жастардың тілдік ортасына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі жастарға әдебиет пен өнер саласындағы тұлғаларды үлгі ету маңызды.

«Біз кезінде алдымыздағы ақын-жазушыларды үлгі етіп өстік. Қазір жастарға ақын-жазушыларымызды үлгі ету мәселесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Тіліміздің қадір-қасиетін жастарға жеткізу қажет», – деді ақын.

Ақын, аудармашы Әсем Ережеқызы әлеуметтік желідегі тіл қолданысының сапасына алаңдаушылық білдірді. Ол қоғамда ғалымдар, ақын-жазушылар мен еңбек адамдарының беделін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Бізге қазір ғалымдарды, ақындарды, еңбек адамдарын қоғамға үлгі ету керек. Әлеуметтік желідегі артық және балағат сөздерге де назар аудару қажет», – деді ол.

Ал ақын Серік Сейітман форум барысында көтерілген ұсыныстардың әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

«Бүгін тілге қатысты мәселелер мен пікірлер ортаға салынды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ. Бүгін айтылған пікірлер аяқсыз қалмайды деген ойдамыз», – деді ол.

Жиынға елордалық қаламгерлер, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері мен шығармашылық жастар қатысты.

Айта кетейік, «Ұлттық әдебиет және тіл» форумы 21-23 қыркүйек аралығында өтуде. Форумның алғашқы отырысы «Оқитын ұлт және қазіргі әдебиет» тақырыбына арналды.