Қазақстанда шекара инфрақұрылымының өткізу қуаты 2,6 есеге артты

Бүгін, 16:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда шекара инфрақұрылымының өткізу қуаты 2,6 есеге артты
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған міндеттерін жүзеге асыру аясында Үкімет атынан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шекара инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Жұмыс өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға, шекарадан өту уақытын қысқартуға, бақылау рәсімдерін цифрландыруға және автокөлік тасымалдаушыларына көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылы ЕАЭО сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осы жылдың қазан айында қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар Көлік министрлігі ЕАЭО-ның ішкі шекараларында автомобиль өткізу пункттерін жаңартуды жалғастыруда.

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 70 өткізу пункті жұмыс істейді. Оның 51-і автомобиль, 5-уі теміржол, 10-ы әуе, 3-еуі теңіз пункті болса, 1 өткізу пункті «Қорғас» ШЫХО аумағында орналасқан. 51 автомобиль өткізу пунктінің 14-і ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында, тағы 37-сі Ресей мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.

Шекара өткізу бекеттерін жаңғырту нәтижесінде үш жылда шекарадан өтуге кететін уақыт 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды

Соңғы үш жылда өткізу пункттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 11 автомобиль өткізу пункті жаңартылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым кеңейтілді, нысандар заманауи тексеру құралдарымен жабдықталды.

Жекелеген өткізу пункттерінде қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін көбейтілді, кіру және шығу аймақтары қайта жабдықталды, жүк және жолаушылар тасымалының ағындары бөлінді. Заманауи инспекциялық-тексеру, салмақ пен габаритті автоматты түрде бақылау кешендері, радиациялық бақылау, бейнебақылау және көлік құралдарын сәйкестендіру жүйелері орнатылған. Тексерудің кейбір рәсімдері үздіксіз режимге ауыстырылды: қажетті параметрлер автокөліктер қозғалысы кезінде тікелей тіркеліп, ақпараттық жүйелерге автоматты түрде жіберіледі.

Инфрақұрылымды кеңейту және бақылауды автоматтандыру есебінен автомобиль пункттерінің жиынтық өткізу қабілеті жылына шамамен 2 млн-нан 5 млн-ға дейін артты. Сонымен қатар жүк көліктерін рәсімдеу уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. 

Өткізу пункттерінің мүмкіндіктерін кеңейту көлік ағынының тұрақты өсуіне мүмкіндік берді. Егер 2022 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері арқылы 640 мыңға жуық көлік өтсе, 2023 жылы олардың саны 1 млн-нан асты, 2024 жылы 1,4 млн-ға жетті, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша – 1,7 млн. Осылайша, үш жыл ішінде өткен автокөлік саны 2,6 еседен астам өсті. Өсім 2026 жылы да жалғасуда: 8 айда өткізу пункттері арқылы 1,3 млн-ға жуық көлік өтті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артық.

Цифрлық шешімдер кедендік ресімдеу уақытын 11 сағаттан 3,5 сағатқа дейін қысқартты

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті шекарадан өту процестерін цифрландыру жұмыстарын да жүргізуде.

KEDEN ақпараттық жүйесінде алдын ала хабарлау, кедендік транзит, декларациялау және тауарларды өткізу автоматтандырылған. Тәуекелдер болмаған жағдайда декларацияны шығару туралы шешімді жүйе автоматты түрде өзі қабылдайды.

Цифрлық шешімдерді енгізудің нәтижесінде кедендік ресімдеудің орташа уақыты 2024 жылғы 11 сағаттан 2026 жылы 3 сағат 30 минутқа дейін қысқарды.

CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесі тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын алдын ала брондауға және көлік ағындарын тарқатуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ол арқылы 4,5 млн-нан астам брондау рәсімделді.

Сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалына шетелдік рұқсат бланкілерін беру процесі цифрландырылды, жүктерді цифрлық сүйемелдеуді және тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында деректер алмасуды қамтамасыз ететін Smart Cargo жүйесі дамуда.

Интеграцияланған бақылау жүйесі камералардан, инспекциялық-тексеру кешендерінен, салмақ-габаритті және радиациялық жабдықтардан келіп түсетін мәліметтерді біріктіреді. Осының есебінен көлік құралының кіргеннен шыққанға дейінгі бірыңғай цифрлық бағыты қалыптастырылады.

Автоматтандыру теміржолда да енгізілуде. Қытай – Қазақстан – Орталық Азия бағыты бойынша транзиттік декларацияларды автоматты түрде басып шығару тетігі жүзеге асырылуда. Егер бұрын бір контейнерлік пойыздың рәсімдеу уақыты шамамен 3 сағатты алса, автоматтандырылған шығарылым енгізілгеннен кейін бұл уақыт 30 минутқа дейін қысқарды.

8 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 19%-ға артты

Өткізу пункттерін дамыту Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар көлемінің ұлғаюымен қатар жүреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн транзиттік декларация рәсімделді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық. Кедендік шекарадан өткен жүктердің жалпы салмағы 2024 жылғы 20,3 млн тоннадан 2025 жылы 23,1 млн тоннаға дейін өсті.

2026 жылдың 8 айында 1,1 млн транзиттік декларация ресімделді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 19%-ға өсті.

Негізгі бағыт Қытайдан транзит болып қала береді. Осы жылдың 8 айында Қытайдан Қазақстан арқылы 814,5 мың декларация рәсімделді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 655,3 мыңды құраған.

Жүк тасымалын одан әрі жеделдету үшін «жасыл дәліз» қағидаты енгізілуде. Заманауи тексеру және өлшеу жабдықтары бірыңғай автоматтандырылған бақылау процесіне біріктіріледі, алдын ала хабарлау және «бір терезе» қағидаты қолданылады.

Келесі кезең-жүктерді ресімдеу кезінде серіктес елдердің экспорттық және транзиттік декларацияларының деректерін автоматты пайдалануды көздейтін «кедергісіз транзит» жобасы болмақ.

Өткізу пункттерінде сервистік және телекоммуникациялық инфрақұрылым дамытылуда

Автомобильмен жүк тасымалдаушылар үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақ–Қытай учаскесінде көлік-логистикалық орталықтар, уақытша сақтау қоймалары мен автохабтар жұмыс істейді. Жүк көліктеріне арналған күту аймақтары мен тұрақтар өткізу пункттерінен тыс жерлерге орналастырылуда. Бұл кірме жолдарға түсетін жүктемені азайтып, шекаралық нысандардың өзін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бір мезгілде телекоммуникациялық инфрақұрылым жаңғыртылуда. Жаңартылатын кеден бекеттерінде байланыс арналарының өткізу қабілеті 165 Мбит/с-ке дейін ұлғайтылды. 13 өткізу пунктінде шекара маңындағы нысандарда электрондық сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін спутниктік байланыс пайдаланылады.

Іргелес мемлекеттермен жұмысты үйлестіру бойынша да шаралар жүргізілуде. «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында тәулік бойы жұмыс істеу режимі енгізілген. Қытай тарапымен көлікті тәуліктік қабылдауды ұлғайту және инспекциялық-тексеру кешендерінің нәтижелерін өзара пайдалану жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қазақ – Өзбек шекарасында жүктемеге байланысты көлік ағындары өткізу пункттері арасында қайта бөлінеді, ауысымдар күшейтіледі және қабылданатын жүк көлігінің саны артады.

ЕАЭО ішкі шекараларындағы өткізу пункттерін жаңғырту 2030 жылға дейін аяқталады

Бағдарламаның келесі кезеңі ЕАЭО ішкі шекараларындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңартумен байланысты.

Шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес 2030 жылға дейін Ресей және Қырғызстан шекараларындағы автомобиль өткізу пункттерін кезең-кезеңімен реконструкциялау көзделген.

Жұмыс инфрақұрылымды кеңейтуге, өткізу қабілетін одан әрі арттыруға, бақылауды автоматтандыруға және рәсімдерді цифрлық форматқа ауыстыруға бағытталатын болады.

Қабылданып жатқан шаралар кешені транзиттік және сыртқы сауда тасымалдарының одан әрі өсуін қамтамасыз етуге, көліктің тоқтап қалуын және бизнестің логистикалық шығындарын қысқартуға, сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы жүктердің өту жылдамдығы мен болжамдылығын арттыруы тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өңдеу саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.