Қазақстан мен Ұлыбритания парламентаралық байланыстарды талқылады

Қазақстан мен Ұлыбритания парламентаралық байланыстарды талқылады
Фото: СІМ

Астанада Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық диалогты кеңейту және стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының Қорғаныс жөніндегі арнаулы комитетінің төрағасы Тан Дэси бастаған Парламентаралық одақтың Британ тобының делегациясымен кездесті. Кездесуге Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасының мүшелері қатысты.

Тараптар парламентаралық байланыстарды дамытуға және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жақында ратификацияланған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыруға ерекше назар аударды.

Арман Исетов парламентаралық өзара іс-қимыл екіжақты қатынастардың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы ретте Қазақстан Республикасы Құрылтайы мен Ұлыбритания Парламенті депутаттары арасындағы тікелей байланысты кеңейтіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты пікір алмасудың маңызын айтты.

Кездесу барысында Қазақстандағы конституциялық реформалар және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері де сөз болды. Тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар Астана мен Лондон арасындағы саяси диалогты жалғастыруға, парламентаралық байланыстарды нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді тоғызыншы шақырылымдағы Мемлекеттік Дума сайлауының табысты өтуімен құттықтағанын жазған едік.