Елордада тұрғын үйлердің мұржалары тазартылып, түтін датчиктері орнатылды

23 қыркүйек, 2026
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Елордада тұрғын үйлердің мұржалары тазартылып, түтін датчиктері орнатылды
Фото: Elordainfo.kz

Астана қаласы «Сарайшық» ауданында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейд жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Сарайшық» ауданы әкімдігі ұйымдастырған іс-шара барысында түтін мұржалары тазартылып, үйлерге датчиктер орнатылды.

«Сарайшық» ауданында пешпен жылытылатын 43 үй есепке алынған. Біз Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, қазіргі таңда осындай ықтимал қаупі бар, әлеуметтік аз қамтылған 9 үйге көмек ретінде мұржаларын тазартып беріп отырмыз. Бұдан басқа жыл басынан бері 30-ға жуық үйге автоматты түтін датчиктері орнатылды. Жыл соңына дейін осындай 150 құрылғы орнатылатын болады. Бүгін Бәйшешек және Қапал көшесі мекенжайлары бойынша аталған жұмыстарды жүргіздік», - деді «Сарайшық» ауданы әкімдігі тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ислам Ибраим.

Төтеншеліктердің айтуынша, жаз-күз айларында мұржаларды тазартып отырмаса, жылыту маусымында түтін үй ішіне тарап, қауіпті жағдай тудыруы мүмкін. Сондықтан тұрғындар бұған ертерек мән бергендері дұрыс.

«Жылыту маусымында пештерге де мән беру керек. Қақпағының алдына ұзындығы 70, ені 40 см көлемде темір материалдан жасалған қорғаныш қойылуы керек. Пеш кірпіштері жарық болмауы тиіс. Оның жанында жанғыш заттарды сақтамау қажет. Ағаш, аяқкиім кептіруге болмайды. Көбіне адамдар ағаш ылғал болып, отты жанғыш заттармен тұтатады. Оны мүлдем қолдануға тыйым салынған. Өйткені ол тез тұтанып, лап ете қалып, адамды күйік шалуы мүмкін. Көбіне осындай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан, өрт қаупі туындап жатады», - дейді «Сарайшық» ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бағлан Нұрбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара жалғасын табады.