Елорда әуежайында есірткіге қарсы фотокөрме өтті

7 қараша, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елорда әуежайында есірткіге қарсы фотокөрме өтті
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының күту залында есірткінің таралуы мен қолданылуы мәселесіне қоғам назарын аударуға арналған арнайы тақырыптағы фотокөрме өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобаны қалалық Ішкі саясат басқармасы мен Астана қаласының Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Оған «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері мен Көліктегі полиция департаментінің өкілдері де қатысты.

Әуежай кеңістігінде күн сайын мыңдаған жолаушы мен оларды шығарып салушылар бас қосады. Бұл көрме арқылы кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік берді. Экспозиция қарама-қайшылық пен эмоциялық әсерге негізделген. Көрмеге әлемге танымал фотографтардың терең мағыналы туындылары мен елордалық полицейлердің қылмыскерлерді ұстау кезінде түсірген шынайы кадрлары қойылған.

Фотокөрменің негізгі мақсаты – тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына араласудың құқықтық және әлеуметтік зардаптарын нақты мысалдар арқылы көрсету.

Ұйымдастырушылар жастардың қауіпсіздігіне, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және азаматтарды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға баса назар аударды. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» жобасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті.

«Қазір есірткі қылмысы қоғамға төнген өзекті қауіптердің бірі болып отыр. Жыл басынан бері елордада есірткіге байланысты 800-ден астам құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымға қатысты 300-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан 495 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 50 келісі – синтетикалық есірткі», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы профилактика бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

Еске салсақ, Бас прокуратура қылмыстылықты талдауға арналған 7 жаңа IT-құралды таныстырды.