Алматыда тікелей эфир кезінде балағат сөз айтқан екі тұрғын жауапқа тартылды

8 қараша, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Алматыда тікелей эфир кезінде балағат сөз айтқан екі тұрғын жауапқа тартылды
Фото: pexels.com

Алматыда әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізу кезінде әдепсіз сөздер айтқан екі тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алғашқы оқиға TikTok платформасында болған. Тікелей эфир кезінде алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін 42 жастағы азаматша бейәдеп сөздер қолданған. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, материалдарды сотқа жолдады. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.

Екінші жағдай әлеуметтік желідегі басқа парақшада тіркелген. 44 жастағы тұрғын тікелей эфир барысында қолданушыларға қатысты қорлайтын сөздер айтып, балағат сөздер қолданған.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтап, эфир авторын қолға түсіріп, қажетті материалдарды жинақтады. Сот шешімімен оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар алты ай мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.

Полиция өкілдері интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасатынын ескертті.

Еске салсақ, елорда әуежайында есірткіге қарсы фотокөрме өтті.