Астанада лифт есігін сындырған ер адам 5 тәулікке қамалды

Астанада лифт есігін сындырған ер адам 5 тәулікке қамалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада көпқабатты тұрғын үйдің лифт есігін бүлдірген ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Полиция мәліметінше, түнгі уақытта мас күйде болған ер адам лифт есігін аяғымен теуіп, бүлдірген.

Құқық бұзушыға қоғамдық орында мас күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық бойынша заңда көзделген шаралар қабылданды.

Сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ ол келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеледі.

Полиция лифт, кіреберіс, балалар алаңы және тұрғын үй инфрақұрылымының өзге де нысандары тұрғындардың ортақ мүлкі екенін еске салды. Мұндай мүлікті қасақана бүлдіргендер заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 41 мыңнан астам дерегі анықталғаны хабарланған еді.