Алаяқтар iPhone 18-ді пайдаланып, қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсілін тапты

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Алаяқтар iPhone 18-ді пайдаланып, қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсілін тапты
Фото: pexels.com

Алаяқтар Apple-дің жаңа смартфонына деген қызығушылықты пайдаланып, iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс беру сылтауымен азаматтардың құпия деректерін алуға тырысып жатыр. Бұл туралы Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы iPhone 18 смартфонына қатысты алаяқтықтың жаңа схемалары пайда болғанын ескертті.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Бірінші жағдайда азаматқа Apple компаниясының атынан «iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс берілді» деген жалған хабарлама келеді. Хабарламада тапсырыстан бас тарту үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады.

Алайда бұл нөмір шын мәнінде алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар тапсырыстан бас тартуды сылтау етіп, адамның банк деректерін, құпия кодтарын немесе басқа да жеке ақпаратын алуға тырысады.

Екінші жағдайда алаяқтар iPhone 18 смартфонын тиімді бағамен және жедел жеткізу кепілдігімен брондауды ұсынады. Сатып алушыны тапсырысты рәсімдеу үшін арнайы сілтемеге өткізеді. Ал сілтеме жалған сайтқа апарып, онда банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да мәліметтер сұралады.

Жиналған ақпарат кейін аккаунттарға, банк сервистеріне заңсыз кіру немесе ақшаны ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Алаяқтардың негізгі тәсілі – адамды асықтыру.

Бейтаныс адамның атынан келген күтпеген тапсырыс хабарламасы азаматты абдыратып, көрсетілген нөмірге қоңырау шалуға немесе сілтемеге өтуге итермелеуі мүмкін. Ал «тиімді ұсынысты жіберіп алмаңыз», «соңғы бірнеше дана қалды» деген сияқты хабарламалар, керісінше, адамды тез шешім қабылдауға мәжбүрлейді.

Қалай сақтануға болады?

– Күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз;

– банк картасының нөмірін, CVV-кодты, PIN-кодты және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз;

– бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатпаңыз және құрылғыңызға қашықтан кіруге рұқсат бермеңіз;

– сатушының ресми екеніне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамаңыз;

– тапсырыс туралы ақпаратты компанияның ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңіз тексеріңіз.

Егер банк картасының деректерін алаяқтарға беріп қойған болсаңыз немесе шотыңыздан күмәнді ақша есептен шығарылғанын байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну қажет.

Бас прокуратура азаматтарды күтпеген хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырады. Тапсырыстан бас тарту үшін код айтуды, ақша аударуды немесе белгісіз қосымша орнатуды талап ету – алаяқтықтың ықтимал белгісі.

Бұған дейін Астанада «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып беруді уәде еткен алаяқтық схеманың жолы кесілгенін жаздық.