Астанада ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау жолдары талқыланды

Астанада ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау жолдары талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы конвенциясын іске асыруға арналған үш күндік оқыту семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жанды мұраны сақтау мен жеткізу тәжірибелері» атты семинар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған. Іс-шараға Мәдениет комитетінің, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, музей және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ өңірлерден келген мамандар қатысуда.

Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Қазақстанның ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясын жүйелі түрде іске асырып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанның қатысуымен 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Жаңа номинациялық материалдарды әзірлеу жұмыстары да жалғасып жатыр.

Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова халықаралық ынтымақтастықтағы басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті қауымдастықтарды жұмысқа белсенді тарту және номинациялық құжаттарды сапалы әзірлеу маңызды.

Қазақстандық қоғамдық даму институты өңірлерде жүргізген зерттеулердің нәтижесінде «Қазақстанның жанды мұрасы» ұлттық баяндамасын әзірледі. Қазір ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну үшін екі номинациялық досье және ИСЕСКО аясында тағы 10 досье дайындалып жатыр.

Семинар барысында Қазақстан, Қырғызстан және Таиландтан келген ЮНЕСКО халықаралық фасилитаторлары жергілікті қауымдастықтардың қатысуы, далалық зерттеулер жүргізу және номинациялық материалдарды әзірлеу тәжірибесімен бөлісуде.

Үш күнге жоспарланған семинарға 30 маман қатысып жатыр. Қатысушылар номинациялық досьелердің үлгілерін талдап, халықаралық тізімдерге ұсынуға болатын мәдени мұра элементтерін айқындайды.

Бұған дейін Түркия университетінде Абай орталығы ашылғанын жаздық.