Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабекова 7 қарашада концерт береді
7 қарашада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің ән және эстрада ансамблінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабекованың концерті өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Qazaqconcert»-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның вокалдық өнерінің жарқын өкілі Айзат Қарабекова дәстүрлі қазақ әнін домбырамен орындауды заманауи эстрадалық әуезбен үндестіре білген өзіндік ерекше мәнерімен танымал.
Айзат Қарабекова 1992 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Республикалық эстрада-цирк колледжін және «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетін «Халық әні» мамандығы бойынша тәмамдаған. Шығармашылық жолында ол көптеген беделді байқаулардың лауреаты және Гран-при иегері атанды. Олардың қатарында «Шабыт» халықаралық байқауы, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Естай Беркімбайұлы атындағы байқаулар және басқа да өнер додалары бар.
Оның өнер көрсеткен елдерінің географиясы Қазақстанмен ғана шектелмейді. Айзат Қарабекова Франция, Германия, Австрия, Чехия, Түркия, Оңтүстік Корея және Ресейде өнер көрсетті. Ол қай елде сахнаға шықса да, ұлттық музыкалық өнерімізді лайықты таныстырып, тыңдарманға қазақ мәдениетінің бай мұрасын паш етіп келеді.
Қазіргі уақытта өнерпаз Президенттік оркестр құрамында белсенді концерттік қызметін жалғастырып, халық өнері мен дәстүрлерін насихаттауға елеулі үлес қосып жүр.
7 қарашада өтетін концерт елдің мәдени өміріндегі тағы бір жарқын оқиға болмақ.
Айзат Қарабекованың жанды даусын тыңдау мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Бұл – өткен мен бүгін тоғысқан музыка әлемі.