Астанадағы AI Month шарасына NVIDIA компаниясының бас директоры арнайы қатысады

23 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадағы AI Month шарасына NVIDIA компаниясының бас директоры арнайы қатысады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келіп, Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Astana Hub қолдауымен өтетін AI Month ЖИ мамандарын, әзірлеушілерді, стартаптарды, зерттеушілер мен технологиялық индустрия өкілдерін біріктіреді.

Айлық 23 қыркүйекте әлемдегі ең ірі ЖИ хакатондарының бірі – HackAlem AI-мен басталады. Қатысушылар өз шешімдерін әзірлеп, сынау үшін NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.

1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңес отырысына NVIDIA-ның ЖИ-ді физикалық модельдеу жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. 2-3 қазанда AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.

«23 қазанда айлық Дженсен Хуангтың қатысуымен қорытындыланады. Халықаралық alem.ai орталығында екеуміз fireside chat форматында ЖИ-дің болашағын, технологиялық үрдістерді, мамандар даярлауды және Орталық Еуразияның мүмкіндіктерін талқылаймыз.

Біздің мақсатымыз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы ЖИ таланттары тоғысатын, озық идеялар жаһандық нарыққа шығатын орталыққа айналдыру. Ол үшін Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мамандар даярлап, технологиялық кәсіпкерлікті қолдап, қажетті инфрақұрылымды дамытып келеміз», - деді Жаслан Мәдиев.

Дженсен Хуанг секілді көшбасшылармен тікелей диалог жас әзірлеушілерге тың мүмкіндіктер ашып, идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді.

Еске сала кетейік, елімізде жасанды интеллект және цифрлық технологиялар айы – AI MONTH 2026 басталды.